Тарих дөңгелегі мен тағдыр дауылының кесірінен ала бағанның ар жағында қалған ағайынның атажұртқа оралып, туған жерде туын тігудің қамын жасап жатқанына талай жылдың жүзі болған.
Содан бері Үкімет тарапынан көш-керуеннің жүгін жөндеп, бағытын айқындайтын талай маңызды шаралар қабылданды. Қандастардың көбірек оралуына кедергі келтірген жайттар да жоқ емес. Қалай болғанда да, еліміз тәуелсіздік алған елең-алаң жылдардан бергі аралықта Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Иран, Түркия сынды елдерден 1 миллионға жуық қандасымыз атамекенге табан тіреп, тиянақ тапқанының өзі көңілге медеу.
Шетелдегі қандастардың атамекенге ағылуы биыл ерекше қарқын алғаны байқалады. Неге? Бұрнағы жылдарда да шекараны ешкім жауып тастаған жоқ, кеденде қандастардың кеудесінен итеріп, көңілін қалдырған да ешкім болмаған. Олай болса, дәл биыл қазақ көшінің қарқын алуына не ықпал етті? Оған ықпал еткен басты фактор – өткен жылы көші-қон мәселесіне қатысты тиісті заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар.
Бұл заңның жай-жапсарын жалпақ тілмен түсіндіре кетейік. 2015 жылдың қараша айында Елбасы «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Бұл құжат бұрынғы көші-қонға қатысты заңнамалардан өзгерек. Соларды санамалай кетсек, біріншіден, атажұртқа келгендер қоныстанған өңірлеріне қарамастан, оралман мәртебесіне ие болады. Тұрғылықты өмір сүруге рұқсат алғаннан кейін 1 жыл мерзімде елдің терезесі тең, құқы да кем емес азамат атана алады.
Тағы бір айта кетерлігі, елде тұруға ықтиярхат алу үшін ұлты қазақтардан төлем қабілетін растау талап етілмейді. Шыны керек, елге оралуға ниеттенгендер үшін айтарлықтай қолбайлау болған мәселелердің бірі осы еді, оның шешімін тапқаны туралы әлеуметтік желіде сүйінші сұраған жандар да болды.
Үшіншіден, Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда олардың көлік шығыны өтеледі, қызметтік үй немесе баспана беру жағы да қарастырылады. Көлік шығыны әр үйдің отағасы үшін 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 106 мың теңгеден асатын қаржыға тең. Одан бөлек, отбасының әрбір мүшесі үшін 35 АЕК мөлшеріндегі қаражат тағы бар. Қысқасы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан сынды облыстарға көшемін дегендер көмексіз қалмайды. Ең бастысы – ниет болса болғаны.
Алыстан келген ағайын бұрын азаматтық пен әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін құжат жинап қажитын, аңғалдары делдалдарға жем болатын. Қазір қағазбастылықтан құтылды. Оралман мәртебесін ала салысымен жеке сәйкестендіру нөмірін де иеленіп, балаларын мектеп пен балабақшаға қиналмай орналастыруда. Зейнетақы жарнасын, әлеуметтік төлемдер аудару сынды жұмыстар да оңай шешілмекші.
Қазір көш басын елге түзегендер меншіктеріндегі мүлкі, көліктері келгенде қаңтарылып қалады-ау деп қам жемейді. Кеден кодексі талаптарында олар тиісті төлемдерден босатылған.
Қысқасы, көшіп келемін деген жанға көмек беріліп отыр. Алғашқы нәтижесі де жаман емес. Сөз басында қандастардың атажұртқа асығуы қарқын алғаны туралы айтқан едік. Айтқанымыз дәлелді болуы үшін соңғы бірнеше жылдағы және биылғы көрсеткішті қатар қойып қарастырайық. Сонымен, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінен алған деректерге көз жүгіртсек, 2011 жылы ала бағанның бергі бетіне 14 803 отбасы көшіп келіпті. 2012 жылы – 15 мыңнан астам, 2013 жылы 15 338 отбасы келген. Осы үш жылда атамекенге табан тіреген қандастардың жалпы саны 120 мыңнан асып түседі. Алайда, 2014 жылдан бастап күрт құлдырап, 3 792 отбасы, яғни 8 247 адамға бір-ақ кемігені өкінішті. 2015 жылғы көрсеткіш бұдан да аз. Осы кезеңде көші-қон саясатындағы кейбір олқылықтар атамекеннен тиянақ табамыз деп ниеттенген қандастарға кедергі келтірген-ді.
Енді, міне, кедергілер алынып, керісінше, қолдау шаралары күшейтілді. Ең бастысы, ағайындар кеденнен бері өтсе болғаны. Соның арқасында көші-қонның қарқыны қайта үдеп, биылғы жылдың алғашқы 6 айында-ақ 6 840 отбасы шекараның бергі бетіне өтіпті. Яғни, 6 айдағы көрсеткіштің өзі 2014 жылмен салыстырғандағыдан анағұрлым асып түсіп, 14 974 адамға артқан. 15 мыңға тарта адамның 9 593-і – еңбекке қабілетті адамдар.
Бәрін айт та, бірін айт, «Өз елінде ұлтан болуды» аңсаған ағайындарымыз аз емес. Оны Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне келіп түсіп жатқан өтініштерден де айқын аңғаруға болады. Алыстағы бауырдың тілегі мен жергілікті заңнама үйлесім тапқанын ескерсек, Қазақстанды бетке алған көш-керуеннің легі енді толастамайтын шығар деген үміт басым.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»