24 нау, 2023 сағат 14:44

Елена Рыбакина жеке рекордына қол жеткізді


Фото: BNP Paribas Open

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина өзінің рекордтық көрсеткішін жаңартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін қазақстандық теннисші Майами мастерс турнирінің екінші айналымында ресейлік Анна Калинскаяны 7:5, 4:6, 6:3 есебімен ұтты.

Бұл – оның қатарынан тоғызыншы жеңісі. Осыған дейін ол қатарынан екі рет жеті ойында қарсыластарын тізе бүктірген еді.

Сонымен қатар Рыбакина WTA турнирлерінде виннер саны жөнінен бірінші орынға шықты. Оның есебінде 253 виннер бар.

Ал эйс саны (155) бойынша Елена әлем теннисшілері арасында екінші орында келеді.

Бүгінгі кездесуден кейін қазақстандық спортшы өз пікірін білдірді.

«Жеңгеніме қуаныштымын. Матчты екінші сетте бітіруіме болатын еді, алайда аздап күш-қуат жетіспей қалды. Менің қарсыласым қабылдау кезінде екі рет сәтті ойнады әрі өзім қосарлы қате жібердім. Сондықтан екінші сетте сәттілік жолдас болмады, дегенмен үшінші партияда өз жолымды тауып, жеңіске жеттім. Менде екі-ақ күн демалыс болды. Бүгінгі күн де ұзарып кетті. Матчты жай аяқтауға тура келді. Оған қоса мұнда корт, доптар – бәрі басқаша, сондықтан оңай тимей тұр. Дегенмен осы үш сет маған үшінші раундта көмектеседі деп үміттенемін», - деді Рыбакина.