26 мам, 2022 сағат 20:19

Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Франция ашық чемпионатының 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 135-орында тұрған 20 жастағы америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасты. 

Бұл олардың өзара бірінші кездесуі еді. 

Бірінші партия соңына таман Рыбакина брейк жасап, таразы басын өзіне аудара білді – 6:4. 

Екінші сетте қарқынын тіпті үдетіп, қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. 

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. 

Өткен жылы Ролан Гаррос жарысының ширек финалына дейін жеткен Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, америкалық Мэдисон Киз немесе рейтингте 79-сатыдағы франциялық Каролин Гарсияның біреуімен кездеседі.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Франция ашық чемпионатын жеңіспен бастады. Ол бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге 1 сағат 52 минутқа созылған тартысты матчта жапониялықтар Эри Ходзуми – Макото Ниномияны 4:6, 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді. 

Данилина мен Майя екінші айналымда тайбэйлік Латиша Чань – аустралиялық Саманта Стосурды сынап көреді. 

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик жекелей сында жарыс жолынан шығып қалды. Ол екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецмановичпен ойнады. Осыған дейін екі кездесуде қарсыластар бір-бірден жеңіске жеткен еді. 

Бұл жолы Бублик матчты сәтті бастады – 6:4. Алайда қалған үш сет Кецмановичтің еншісінде кетті – 7:5, 6:2, 6:1. Екі сағат 15 минутқа созылған матчта А.Бублик 14 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін құр жіберген жоқ. Кецманович 4 эйс, 10 брейкпен көзге түсті. 

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Андрей Голубев екінші айналымнан аса алмады. Ол франциялық Фабрис Мартенмен бірге доданың 16-ракеткалары, үндістандық Рохан Бопанна – нидерландылық Матве Мидделкопқа жол берді – 3:6, 4:6.