24 мам, 2022 сағат 19:57

Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 78-орында тұрған нидерландылық Аранча Руспен өткізді. 

Осыған дейін екеуі өзара бір рет ойнап, онда тәжіибелі Рус басым түскен еді.

Бұл жолы Елена Рыбакина матчты қарқынды бастады - 6:1.

Дегенмен екінші сетте нидерландылық спортшы есе қайырды - 7:5.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші таразы басын аудара білді - 6:2.

Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 3 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 3 брейкке қол жеткізді.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 135-ракеткасы, америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасады.

Өткен жылы Е.Рыбакина Франция ашық чемпионатында ширек финалға дейін жетіп, онда кейін финалист атанған ресейлік Анастасия Павлюченковаға жол берген еді.