Елордада Билли Джин Кинг кубогы аясында өтіп жатқан Қазақстан – Германия матчында Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 232-орында тұрған Лаура Зигемундпен сынға түсті.
Рыбакина 22 жаста болса, германиялық теннисші 34-те. Осыған дейін қарсыластар үш мәрте кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші жеңген еді.
Бұл жолы Рыбакина бірінші партияда Зигемундқа бірде-бір гейм бермей, 22 минутта 6:0 есебімен тізе бүктірді.
Екінші сетті германиялық спортшы брейкпен бастағанымен, Елена таразы басын таразы басын сол бойда теңестіріп қана қоймай, есепті 5:1-ге жеткізді.
Сосын матчқа доп бергенде қарқынын бәсеңдеткен жоқ - 6:1.
Осылайша, есеп – 2:0, Қазақстанның пайдасында.
Қазақстан – Германия матчы ертең жалғасады. Қазақстандықтарға қалған кездесулерде бір ұпай алса, жетіп жатыр. Өз тарихында алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.