Фото: ktf.kz
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 23-ракеткасы, биылғы Азия ойындарының жеңімпазы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Рыбакина екі брейк жасап, оңай аяқтады - 6:1.
Елена екінші сетте де сол қарқынынан танған жоқ - 6:2.
Бір сағат 1 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 3 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді.
Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 53-ракеткасы, германиялық Татьяна Мариямен кездеседі.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина ресейлік Анастасия Пановамен бірге бразилиялық Беатрис Хаддад Майя - ресейлік Вероника Кудерметоваға жол берді - 4:6, 6:4, 7:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Бейжіңде әлемнің 30-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.