Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған әлемдік рейтингіні жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина үш сатыға жоғарылап, 22-орынға жайғасты.
Еліміздің үздік теннисшісі Словениядағы Порторож жарысының финалына дейін жетуі арқасында рейтингілік ұпай санын 1855-ке жеткізді.
Рыбакина бүгін басталған Токио WTA 500 турнирінде сәтті өнер көрсетсе, рейтингісін жақсарта алады. Ол ертең әлемнің 30-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен алғашқы айналымда кортқа шығады.
Әлемдік рейтингіде тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 36-дан 41-ге төмендеді.
Жұптық сында Анна Данилина 20-орнында қалса, Рыбакина 102-ден 100-сатыға көтерілді.