Фото: Ашық дереккөз
Бүгін Сенат 2017 жылғы 11 сәуірдегі ЕАЭО Кеден кодексіне өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы Заңды мақұлдады. Аталған құжатқа 2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербургте ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары қол қойған.
Сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, құжаттың мақсаты – соңғы жылдары айтарлықтай өсім көрсеткен сыртқы электрондық сауданы құқықтық реттеу. Мысалы, 2024 жылы Қазақстандағы электрондық сауда көлемі 3,2 трлн теңгені құрады.
Хаттамада шетелдік интернет-платформалардан халықаралық пошта арқылы жеке тұлғаларға жіберілетін тауарларды ерекше санат ретінде бөліп көрсету қарастырылған. Сонымен қатар, «электрондық сауда операторы» ұғымы енгізіліп отыр. Бұл функцияны пошта операторлары орындайды.
Басты жаңалық – электрондық сауда тауарларының барлығы міндетті түрде кедендік декларацияға жатады. Бұрын мұндай тауарлар тек 200 еуро немесе 31 кг-нан асқан жағдайда ғана декларацияланатын. Жаңа тәртіп нақты статистика жүргізуге және кедендік төлемдерді тиімді әкімшілендіруге мүмкіндік береді. Декларацияны оператор да, алушының өзі де тапсыра алады.
2021 жылдан бері Қазақстанда бұл бағытта пилоттық жоба жүргізілуде. Қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ пен «DHL International Kazakhstan» ЖШС оператор ретінде жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта басқа да логистикалық компаниялар қосыла алады.
Сенатордың айтуынша, Хаттаманы қабылдау:
Кедендік рәсімдерді ретке келтіреді;
Электрондық саудадағы статистиканы нақты етеді;
Барлық нарық қатысушылары үшін тең жағдай қалыптастырады;
Төлемдерді басқару тиімділігін арттырады.
