Дзюдодан Қазақстан командасының үздігі Елдос Сметов Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
60 келі салмақта сынға түскен Елдос қола үшін жекпе-жекте Нидерланд өкілі Торние Цакаджоені жеңді. Жеңімпаз қосымша уақытта анықталып, Елдос «ваззари» ұпайын иеленді.
Рио Олимпиадасы-2016 күміс жүлдегері алғашқы жекпе-жекте түрік палуаны Мирхадж Аккуштан басым түсті. Қазақстандық дзюдошы өз қарсыласын иппонмен жеңді.
Осыдан кейін Сметов Оңтүстік Кореяның спортшысы Ким Вон Джинді ұтты. Алайда жартылай финалда жапондық Наохиса Такатодан жеңіліп қалды.
Осылайша отандасымыз қола жүлдегер атанып, Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы медальды салды.
Айта кеткен жөн, Елдос 2016 жылғы Олимпиадада дәл осы салмақта күміс жүлдеге ие болған еді. Сонымен қатар ол - Әлем чемпионы (2015), Азия ойындары мен чемпионатының жеңімпазы. Ал Наохиса Такато Бразилияда өткен төрт жылдықтың басты бәсекесінде қоланы қанағат тұтқан болатын.
Бұған дейін әйелдер арасында қазақстандық Галбадрах Отгонцэцэг қытайлық Янань Лиден ұтылған еді.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасына алты қазақстандық дзюдошы аттанды. Олар: Елдос Сметов, Ерлан Серікжанов, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза, Ислам Бозбаев және Отгонцэцэг Галбадрах.
Токиода Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Қазақстандық құрамада спорттың 27 түрінен 97 лицензия бар.