Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды менсінбей жан-жағымызға алақтап, өзгеге көбірек еліктеуіміздің салдарынан күтімсіз, баптаусыз жерге шыққан арам шөптей, кеудемізге имансыздық рухы себілді. Мұндай рухы төмендеген халық біртіндеп өмірге деген сенімі мен құлшынысын жоғалтып, бейұлтқа айналып, құлдық психологияға бой ұрады. Осы жерде Рабиндранат Тагордың мына бір сөзін еске түсіре кеткен артық болмас: «Мен өз үйімнің жан-жағы қамалмен қоршалып, терезелерінің жабулы болғанын қаламаймын. Менің үйімде дүниежүзіндегі алуан түрлі мәдениеттің лебі есіп, еркін тыныстаса деп едім. Бірақ мен олармен ілесе кетіп қалуға қарсымын». Дәстүрсіз қоғамда салт-дәстүр бұзылып, имандылық, әдептілік жоғалған кезден бастап, біртұтас ұлт тозығы жеткен матадай өзінен-өзі іріп, тоз-тозы шығады. Ендігі жерде қазақ өз несібесіне ие бола алмаса, біреу оны аяп, «саған обал болды-ау, өз үлесіңді ала ғой» – деп, алақанымызға сала қоймасы, сондай-ақ сенің тіліңе, салт-дәстүріңе қиянат жасаппыз деп мүсіркеп, өз еркімен жол бере қоймасы да анық.
Сан-алуан қауіп-қатерді, апаттық жағдайларды басынан өткізген халқымыздың сана-сезімі де елеулі психологиялық өзгерістерге ұшырады. Баса айтарымыз, ұлтымыздың салт-дәстүрін, тілі мен дінін, өзіне ғана тән басқа да құндылықтарын сақтап қалуды оған күпі мен саптама етік кигізуден бастай алмаймыз. Сол сияқты сан алуан заманауи құралдарды өркениетті елдерден қабылдағанымыздай, ұлттық санамыз да жаңа заман талабына сай күрделі өзгерістерге ұшырамай тұра алмайды. Сөйте тұра, «Ата дәстүрімізді келешекке қаз-қалпында жеткізейік» деп ұран тастаудан жалығар емеспіз. Ең бастысы, салт-дәстүр, құндылықтарымыздың біразын жоғалтып алғанымызды мойындауға тиіспіз. Қалғанына ие болып, бағалай білейік. Осы жерде ұлылар айтқан мына бір асыл ойды еске сала кетейік. Ж.Аймауытов: «Орыс тәрбиесін алған бала, ұлт қызметкері бола алмайды» десе, Дж.Неру «Колонизаторлар тәрбиелеген зиялылар – халықтың бірінші жауы» екенін айтады. Өкінішке қарай, біздің де орыстілді зиялыларымыздың біразы тәуелсіздігіміздің баянды болуына сенбейді. Олар ерте ме, кеш пе, қайтадан ұлы көршілеріміздің отарына айналамыз деп топшылайды.
Дәл қазір кедей әрі жаяу халықпыз. Осы күйімізде өркениет көшіне ілесе қоюымыз қиын. Кедейшілік пен рухани аштық қатар келіп тұрған осы бір аласапыран кезеңде Абай бабамыз айтқандай, «Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын». Оның үстіне ұлттық мәдениетімізді «таза» қалпында сақтаймыз деп, алыс-жақын елдермен араласпай жалғыз қалып, «өз қотырымызды» өзіміз қасумен болсақ, өркениет көшіне ілеспек түгіл, тоз-тозымыз шығып, екі бүйірден сығып тұрған алып көршілеріміздің қанжығасында кетеріміз даусыз. Ал жаһандану атты алып айдаһардың өңменіне түсіп кетпес үшін, «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтындай» жол іздеу керек.
Жапон психологтарының зерттеуіне қарағанда, батыстық өркениет ықпалымен ел жастарының біраз бөлігінің ұлттық мінезі елеулі өзгерістерге ұшырай бастаған көрінеді. Осыған орай олар құрбандықсыз даму болмайтынын мойындай отырып, оның зардабын мейлінше азайтудың қамын ойластыруда. Сондықтан олар батыстың даму жолдарын қабылдағанымен, рухани жағынан шығыс мәдениетін үлгі тұтады. Олардың ұлттық ұранға айналған қағидалары: «Сенің ұятың – Жапонияның ұяты», «Ең алдымен, жапондық дәстүр, сонан соң еуропалық білім», – деп ұлттық мүддені бәрінен де жоғары қояды.
Мыңдаған жылдар бойы шыңдалған дипломатиясы бар Қытай елі өз азаматтарын шекаралас елдермен етене араласып, сонда тұрақты орналасып қалуға үгіттей отырып, «Сен ұлы Қытайдың азаматы екеніңді ұмытпа» – деп қатаң ескертеді.
Немқұрайлылық, салбөкселік, салғырттық, көнбістік, самарқаулық еңсемізді басқаны соншалық өзгенің жақсысын да, жасығын да талғамай қабылдай беретін дәрежеге жеттік. Осыдан туындайтын рухани кеселдің әсерінен өз тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, қалыптасқан ұлт екенімізді әлемге таныта алмай келе жатырмыз. Көрінгеннің бәрін ой таразысына салмай көшіріп алуға бейімделіп алдық. Абай кезінде «Сөзімді ұғар елім жоқ» – деп ренжи келе, «Өздеріңді түзелер дей алмаймын» деп аса ауыр «үкім» шығарып еді. Шүкір, егемендік алғалы бері ілгерілеушілік бар. Бірақ бұл баяу ілгерілеушілік аса тез зымырап өтіп бара жатқан уақыттың, сондай-ақ өмірдің тоқтаусыз, іркіліссіз, тынымсыз айналатын доңғалағының ырғағы мен заман талабына сай келмей тұрғаны басы ашық мәселе. Дегенмен де, Тәуелсіз мемлекет орнаттық. Ә.Бөкейханов айтпақшы «мемлекеті жоқ халық – жетім, жетекшіл әрі еліктегіш халық». Біз осы кемшіліктерден арылуымыз керек.
Қорғаныс қабілетіміздің төмендігі емес пе, Ресейдің аса қуатты ақпараттар тасқынының астында қалдық. Бұл ақпараттық соғыс тәуелсіздігімізге қауіп төндірмей ме? Одан сақтанудың жолы бар ма? Кейінгі кезде жастарымыз интернеттен бас көтермеуге айналды. Кітап оқу, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға қызығушылық жайына қалып барады. Дау жоқ, интернет – техникалық прогрестің жемісі. Бірақ Кембридж университеті ғалымдарының айтуынша, интернет жастардың өз бетінше ойлап, шешім қабылдауына кері әсер етеді екен.
Интернет және басқа да қазіргі кезде қолданысқа ене бастаған озық технология көптеген жастардың санасын билеп-төстеп алды. Ғаламтордан дайын мәліметті ғана алып үйренген баланың ой-өрісі дамымайды. Бұл үрдістің жағымсыз жағын осы бастан ескермесек, рухани дамудың тежелуіне әкеліп соғатын түрі бар. Осылайша алшақтық жалғаса берсе, қоғамның дамуына орны толмас зиян келуі мүмкін. Интернетті көп пайдаланса, шығармашылық қабілеттің отыз пайызға жуығы жоғалатын көрінеді. Зерттеушілердің пайымдауынша, соңғы он бес жылда халқымыздың 17 пайызы ғана қолына кітап ұстап, ары-бері аударып қарайтын болса, 40 пайызы мүлдем кітап бетін ашпайды екен. Осылайша көп ойланып, басын қатырмайтын «робот – құлтемір» ұрпақ өсіп келеді.
Талай халықты ұлттық құндылықтарынан айырып, тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, жолындағыны жайпап келе жатқан алып айдаһар – жаһандануға қарсы тұра аламыз ба? Еріксіз күмілжитініміз анық. Ең қауіптісі – біз өзімізге сенуден қалып барамыз. Сонау отаршылдықтан қалған үрей мен қорқыныштан туындайтын сенімсіздік, өзгенің аузын бағып, жан-жағымызға жалтақтап қарай беру тәрізді жағымсыз әдеттен құтыла алмай келеміз.
Социализм кезінде билік халықтан қол үзіп, жеке басының қамын көбірек ойлап, отаншылдық рухын жоғалтып алды. Олардың осылайша халық тағдырын, мемлекет мүддесін ұмыта бастауы қоғамның құлдырауына алып келді. Қазіргі кездегі өзінің халықтың қызметшісі екенін ұмыта бастаған кейбір шенеуніктерге қарап, бұл үрдіс билік басына келгендерге тән құбылыс па деп ойлаймыз. Көпірме сөзбен халықтың санасын улап, бос уәде беру – шенеуніктер үшін әдетке айналып барады.
Нарық заманының талабы туыстық, отбасы мүшелерінің арасында қалыптасқан қазақы қарым-қатынасқа да өзгеріс енгізе бастады. Сана-сезімімізді билеп алған қарабастың қамын күйттеу, өз қазағымызды өзекке теуіп, туған-туысыңды, емшектес бауырыңды, кейде тіпті ата-анаңды елемеу үрдісі байқала бастады. Осылайша кете берсе, алып айдаһар – жаһанданудың дауылы ұлттық құндылықтарымызды жойып жібермей ме? Бірте-бірте рухани аштыққа душар болып, ұлтымыз деградацияға (азғындауға) ұшырамай ма? Жаһанданудан қашып құтылу мүмкін емес. Ол – қоғамның даму заңдылығынан туындайтын құбылыс. Сондықтан оған бейімделіп, ілесудің жолын іздеу керек.
Дәл бүгінгі күні үміт күткен жастарымыздың басым бөлігінің ойлайтыны, қандай тәсілмен, амал-айламен болса да баю екендігі ащы болса да шындық емес пе? Ақша билеген мына заманда бәрі сатулы болып барады.
Тегін емделуге құқығың бар дегенге сенесіз бе? Жасым сексеннің сеңгіріне шықты. Жиі ауырамын. Емханада есепке алынғанмын. Баяғы емхана жоқ. Мына бөлмедегі дәрігер тегін, ал көрші бөлмедегі дәрігер ақылы емдейді. Айырмашылығын тәптіштеп айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Жан тәтті. Қысылып-қымтырылып шығынданамыз. Жоғары білім алу ақылы болып, дипломды сатып алатындар да көбейіп барады. Соның салдарынан сауаты шамалы аурудан жиіркеніп, оған немқұрайды қарайтын дәрігер, балаға жылуы жоқ, талапқа сай білім бере алмайтын мұғалімдер саны көбейіп барады. Осының бәріне өзге емес, ең алдымен өзіміз кінәліміз. Жастарымыздың өз ұлтына, жеріне деген мақтаныш сезімін оятып, жігерлендіруіміз керек. Сонау ұлт басына қатер төнген қиын-қыстау кезеңде ұлты үшін күрес жолында жанын пида еткен алаштың ұлы ардагерлерін мақтан тұтып, соларға еліктеуіміз керек. Ұлт мүддесін пендешіліктің құрбаны етпей, құрметтеп, қастерлей білейік, ағайын!
Елден Аққошқаров,
педагогика ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынов атындағы
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты