Кәрім Мәсімов қазіргі таңда көлік инфрақұрылымы «Нұрлы жол» және өзге де жүзеге асып жатқан салалық бағдарламалар арқылы дамып жатқанын атап өтті. Өңірдің, әсіресе, транзиттік әлеуетін ескересек, облыстағы маңызды көлік жобаларының бірі «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» автожолдарының қайта жөнделуі болып есептеледі.
Сонымен қатар, Премьер-министр батыс өңірде ауқымды көлік инфрақұрылымы жобаларын жүзеге асырумен қатар, қоғамдық көлік қозғалысын қамтамасыз ететін жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы мен техникалық қызмет көрсетуде бірқатар проблеманың бар екенін айтты.
Батыс Қазақстан облысы республикамыз бойынша автомобиль жолдарының жай-күйі жағынан соңғы орында тұр. Мұнда жолдардың жалпы көлемінің 74% нашар жағдайда.
Премьер-министр Инвестициялар және даму министрлігіне Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып кеңесте айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, Қаржы министрлігіне, Инвестициялар және даму министрлігіне облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңартуға және жөндеуге қосымша қаржы бөлу туралы ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Айта кетейік, облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 530 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1392 шақырым, жергілікті маңызға ие жолдар – 5137 шақырым. 2016 жылға арналған қаржыландырудың жалпы көлемі – 16 млрд 461 теңге.
Тұтастай алғанда, еліміздегі автомобиль жолдары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңартылып, жөнделіп жатыр.
Осы жылдың соңына дейін елімізде 800 шақырымға жуық жаңа жолды іске қосу жоспарланып отыр.
2016 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Бейнеу – Ақтау, Астана – Теміртау учаскесі, Алматы – Қапшағай – Талдықорған және Астана – Петропавл жобаларын толық аяқтау қарастырылуда.