03 ақп, 2017 сағат 09:47

Елбасының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтуде

Елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Президентке жылдың басы маңызды оқиғаларға толы болғанын айтты. «Біз осы аптадағы сіздің Жолдауыңызда айтылған міндеттер мен тапсырмаларды орындауға кірісіп кеттік. Үкіметтің арнайы отырысын өткізіп, экономикалық өсімнің жаңа моделін жасау үшін іс-шаралар жоспарын белгіледік. Жолдау бойынша әр тапсырмаға жауапты адамдарды бекіттік», - деді Премьер-министр Нұрсұлтан Назарбаевқа.

«Үкімет саяси реформаны Сіздің тапсырмаңызға  сәйкес іске асыруды бастады.  Осыған орай мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттікті бөлу бойынша тиісті заң жобасы дайындалып  жатыр. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесіне де әзірлік жұмыстары аяқталуға  жақын. Халыққа жасаған үндеулеріңізде берілген тапсырмаларыңызды бұлжытпай орындау жұмысымыздың ең басты міндеті.  Үкімет Сіздің сеніміңізді жоғары  бағалайды және Сіздің алдыңыздағы үлкен жауапкершілікті барынша сезінеміз», - деді Бақытжан Сағынтаев.