28 сәу, 2021 сағат 20:37

Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Сессияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бұрын көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқы маңызды таңдау жасап, болашаққа бірлікпен, татулық және келісіммен бет бұрғанын атап өтті.

– Бұл бізге мемлекеттілігімізді құруға қолайлы жағдай жасап, Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастыруға қажетті мол ресурспен қамтамасыз етті. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын еліміздің Конституциясы оған негіз болды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартудағы жетістіктерін айтты.

– Қазіргі нарықтық экономиканы жаңадан құрдық, іргелі реформалар табысты жүзеге асты. Соның арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің және табыс деңгейі орташадан жоғары елдердің қатарына қосылды. Еліміз жаһандық ұлттар қоғамдастығының беделді әрі сенімді мүшесіне айналды – көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде желбіреп тұр. Біз халықаралық аренада өзіміздің ұлттық мүдделеріміз бен басымдықтарымызды жүйелі түрде қорғап келеміз. Қазақстанның мемлекеттік шекарасы заң жүзінде бекітіліп, оны әлемнің барлық елдері мойындады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы көшбасшылығы әлемдік қоғамдастыққа адамгершіліктің жаңа стандартын әкелгенін атап өтті. Сонымен қатар еліміз бастамашы болған Еуразия экономикалық одағы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі, Түркі кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты интеграциялық жобаларға ерекше назар аударылды.

– Көпвекторлы саясаттың арқасында біз ынтымақтастық пен татулықты қамтамасыз етуге бет бұрған бейбітсүйгіш ұлт ретінде танылдық. Тәуелсіздік Қазақстан үшін әділдік орнаған айтулы кезеңге айналды. Өз тағдырын өз қолына алған қазақ халқы ұлттық рухы мен төл тарихын қайта түлетті. Біз Ұлы дала мәдени мұрасының баға жетпес қазынасын жандандырып, әлем жұртшылығына ұсындық. Ол барша адамзат игілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұның бәрі тарихи мәні зор оқиға екені анық. Екі жылдан астам уақыт ішінде бой көтерген Түркістан қаласы еліміздің зор мүмкіндіктерінің тағы бір айғағы болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүгінде Қазақстан жауапты жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті. Бұл пандемия мен жаһандық экономикадағы дағдарыс құбылыстары күшейген, сондай-ақ әлемдік көшбасшы елдердің геосаяси бәсекеcі шиеленіскен кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. 

– Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар мемлекетіміздің дамуына теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бұл орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты ойластырылған сындарлы саясат жүргізіп жатқанына сенімдімін. Мұны бәріміз қолдауға тиіспіз. Ол барлық қазақстандықтардың мүддесіне және ұлтымызды одан әрі дамыту мақсаттарына қызмет етеді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде алдағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатқа ерекше назар аударды. Ол: мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты; азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің біріктіруші рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаты.

– Ассамблея алдағы жұмыс стратегиясын айқындағанда осы қағидаттарды негізге алуы керек. Сондай-ақ қоғамдық дамудың пәрменді институты ретінде жаңа жағдайға орай ұйым қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау қажет. Ассамблея институттары еліміздегі этносаралық келісімге нұқсан келтіруі ықтимал кез келген сын-қатерге тойтарыс беруге әрдайым әзір болуға тиіс, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы сондай-ақ барлық этноәлеуметтік топтардың біртұтас Қазақстан қоғамы болып жүйелі бірігуін жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

– Осы жылдар ішінде мен әрдайым халықтың татулығын, бақуат әрі үйлесімді өмірін, еліміздің қауіпсіздігін, тұрақтылық пен тыныштықты басты орынға қойдым. Соғыс, діни және этносаралық қақтығыстар халқымыздың тыныш өміріне қауіп төндірмеуін, біздің байтақ Отанымыз бейбітшіліктің құтты мекені болғанын қаладым. Бүгінде сол арманым орындалды. Оған 1995 жылы менің бастамаммен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосқан үлесі қомақты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті халқымыздың бақуат өмір сүріп, еңбек етіп, болашағын құрып жатқаны татулық пен келісімнің арқасы екенін атап өтті.

– Ең бастысы – жеткен жетістіктерімізді көздің қарашығындай қорғай білуіміз керек. Баршамыз бүкіл қоғамның мүддесі жолында жұмыла білсек қана еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті сақтап қаламыз. Біз Қазақстан қоғамының сыртқы күштердің әсерінен шайқалуына жол бермеуіміз керек, – деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның барша мүшелеріне ұйымның елді дамыту бағытына ұдайы қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

– «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарларды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін Сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.