Әлем мойындаған сарабдал саясаткер, кесек тұлға Елбасымыздың есiмi Қазақстанның тәуелсiздiгiмен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбiшұлы үлкен қайраткерлiгiнiң, келешектi тереңнен болжайтын кемеңгерлiгiнiң арқасында елiмiздi тынымсыз өрге сүйреп келедi.
«Өткенсiз болашақ жоқ» демекшi, елiмiзде Елбасымыздың бастамасымен атқарылған тiрлiктерге шолу жасап өтейiн. Қазақстан өзiнiң тәуелсiздiгiн жариялағаннан кейiнгi алғашқы жылдарда ел жаппай қиыншылықты бастан өткердi. Жұмыссыздық, жалақы, зейнетақылардың уақтылы берiлмеуi, ұрлық-қарлықтың өршуi, басқа да түрлi әлеуметтiк-экономикалық мәселелер халықты бiраз әбiгерге салған-ды. Елбасы 2030 жылдарға дейiнгi даму стратегиясын жасап, Қазақстанды өркендетудi жүйелi түрде көрсетiп бердi. Мемлекет басшысы, сонда осы қиыншылықтың бәрi уақытша екенiн, бiрте-бiрте тығырықтан шығатындығымызды ескерткен едi. Мiне, ендi сол айтқаны айдай келiп, даму жолына түстiк, қазақ елiн бүкiл әлем таныды. Жұмыссыздық азайып, жалақы, зейнетақы көбейдi, уақытымен берiлетiн болды, кәсiпкерлiк кең өрiс алды. Мамандарымыз бiлiктiлiгiн арттырып, жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдердегi мәртебелi оқу орындарында бiлiм алуда. Сонымен бiрге денсаулық сақтау, бiлiм салаларында оң өзгерiстер көп. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының қарқынды орындалуы, «Балапан» бағдарламасы аясында жаңа балабақшалардың бой көтеруi де осы сөзiмiзге дәлел.
Сарыарқа төрiндегi әсем Астанамыз да жыл сайын көрiктенiп келедi. Ол 20 жылдан астам уақытта ел өмiрiндегi барлық игiлiктердiң жүзеге асуына мұрындық болып, жарқын келешекке Қазақстан халқымен бiрге сәттi қадам жасады.
Елiмiздегi саяси тұрақтылықты, бейбiтшiлiктi бiздiң басты жеңiсiмiз деуге болады. Көршi мемлекеттердiң көпшiлiгiнде iрiлi-уақты қақтығыстар, дүмпулер орын алып, ол берекесiздiктер көптеген адам шығынына әкеп соқты. Сирия, Египет, Ирак, Түркия мемлекеттерiндегi қанды қақтығыстарға қарап отырып, денең түршiгедi. Жазықсыз ажал құшып жатқан бейбiт халыққа, сол елдердiң балаларының үрейден үрiккен жанарларына қарап жаның ашиды. Аллаға шүкiр, елiмiздiң тұрғындары, жүздеген ұлттар ашық аспан астында тату-тәттi тiршiлiк етуде, ұрпақ өсiрiп, өркениетке қарай қадам басуда.
Елбасымыз ауыл шаруашылығының өркендеуiне де көп көңiл бөле бастады. Ата-бабамыз «Еңбек етсең емерсiң» деген емес пе? Ендi Үкiметтiң бар мүмкiндiгiн пайдалана отырып, еңбектенiңiз, кәсiбiңiздi дөңгелетiп, мал бағыңыз, жер жыртып, өнiм алыңыз... Бақыт пен жетiстiкке тек еңбек арқылы жететiндiгiмiздi Елбасы үнемi айтып жүредi.
Елбасының бар бiтiм-болмысы халқымен бiте қайнасқан, жүрегi халқымен бiрге соғып, бiрге тыныстайды. Оның қай бағдарламасын алсаңыз да, астарында «халқым игiлiгiн көрсе екен, халқыма болса екен» деген қамқор көңiл тұрады. Қазақстанда бала туу көрсеткiшiнiң көбеюiне, ана мен бала денсаулығының жақсаруына мол мүмкiндiк жасап отыр. Жәрдемақы жылдан-жылға көбеюде. «Нұрлы көш» бағдарламасының арқасында шетелдердегi қандастарымыз атамекенiне оралуда. Бұл – демографиялық ахуалымызға оң ықпалын тигiзуде.
Бiр кезде қаңырап бос қалған ауылдардың күретамырына қан жүре бастағандай. Диқаншылық жақсы жолға қойыла бастады, құрылыстар салынып, балабақшадан сәбилердiң шат күлкiсi естiледi. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жастар ауылдардың өркендеуiне үлес қосып, қарқынды еңбектерiмен замандастарына үлгi болып жүр. Елбасы «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты Жолдауында Үкiметке қадау-қадау тапсырмалар берiп, Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық дамуының сара жолын нұсқады. Бiзге, ақсақалдар қауымына да Үкiмет тарапынан көптеген қамқорлықтар қарастырылған. 1 қазанның Қарттар күнi болып белгiленуiнiң өзi қарияларға көрсетiлген үлкен құрмет деп бiлемiн. Ардагерлер, көп балалы аналар кезегiмен шипажай, сауықтыру орындарында демалып тұрады. Ислам дiнiне бет бұрып, Алланың тура жолына түскен иманды жастарымыз көбейiп келедi. Ауылдардың барлығында дерлiк зәулiм мешiттер бой көтерген. Елiмiзде Президенттiң қолдауымен «Мерейлi отбасы» ұлттық байқауының ұйымдастырылуында да терең мән жатыр. Иә, отбасының берiктiгi, бiрлiк-берекесi, мерейi – Отанымыздың береке-бiрлiгi. Отбасындағы құндылықтар, ұлттық санадағы тәлiм-тәрбие, салт-дәстүрiмiздi құрметтеп, көздiң қарашығындай сақтау – ұрпақтарымызды iзеттiлiкке, мейiрiмдiлiкке, адалдыққа тәрбиелейтiнi белгiлi. Ал, жаны iзгi ұрпақ – Отанының бақыты.
Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында ұлттық құндылықтарды қастерлеуге, рухани жаңғыруымызға басымдық бере отырып, Қазақ елiн биiк белестерге бастайтын кең ауқымды бағдарламалар қамтылған.
Менiң жоғарыда айтып өткендерiмнiң барлығы Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып отырған игiлiктер. Жаратқан иемiз Елбасымыз бен жұртымызды аман, елiмiздi тыныш қылсын, тәуелсiздiгiмiздiң тұғыры биiк боп, әлемдегi өркениеттi елдердiң қатарына қосылуға нәсiп етсiн!
Әбдiхамит қажы СМАЙЛОВ, зейнеткер ұстаз.
Түлкiбас ауданы.