Әне-міне дегенше, жаңа жыл да есіктен сығалап тұр. Әлем бойынша тойланатын бұл мерекені ел болып күтеміз, отбасымызбен жиналамыз, жылдағы дәстүр бойынша теледидардан президенттің құттықтау сөзін тыңдаймыз.
Президент қолына аққайнар құйылған бокал алып, халыққа ақ жарма тілегін айтып, жаңа жылмен құттықтайды. Елбасымыздың құттықтау сөзінен кейін ғана отбасымызбен бір-бірімізді құттықтап, мәре-сәре болып жатамыз. Алайда жылдың 365 күнінде дәл осы күні алкогольды сусындар көп ішіледі екен. Сондықтан жаңа жылды қарсы алсақ та, қазақтығымызды танытып, ішімдікпен емес, қымызбен қарсы алсақ, нұр үстіне нұр болар еді! Еліміз осы мәселемен бірнеше жылдар бойы күресіп келеді. Олардың сатылымына шектеу қойып, қоғамдық орындарда ішуге, жарнамалауға да тыйым салды. Бұл өз кезегінде оң нәтижесін де беріп жүр. Жастарымыз Ислам дініне бет бұрып келе жатыр. Алкогольды өнімдерді тұтынатындардың саны біршама азайған. Есесіне ұлттық сусындарымызға сұраныс артып келеді. Тек Қазақстан ғана емес, оған әлем елдері де қызығушылық білдіріп отыр. Ұлттық сусынымызды әлемдік брендке айналдыру мақсатында көп насихаттау жұмыстары жүргізілсе, қазақ үшін игі іс болар еді! Оның үстіне «Аққа Құдай жақ» деген қазақ «ақ» түсті тек жақсылық, молшылықпен байланыстырады.
Сондықтан, жаңа 2017 жыл қазақстандықтар үшін табысты, берекелі жыл болсын деген ниетпен осынау үрдісті Елбасымыз бірінші болып бастап, Жаңа жылда француздың аққайнарымен емес, қазағымның «ақ қайнары» қымызбен құттықтаса екен деген жаңа жылдық тілек бар. Барлықтарыңызды келе жатқан жаңа жылдарыңызбен құттықтай отыра, келер жыл – молшылық жылы болсын деп тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Марал Шайхы,
qamshy.kz