Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Модель Назарбаева: Известная история в новом прочтении» кітабының салтанатты тұсаукесері өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойының қарсаңында шығарылған кітапқа Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдар докторы Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков жетекшілік етті. Авторлар ұжымына саяси ғылымдар докторы Бақытжан Берікбайұлы Темірболат, саяси ғылымдар кандидаты Тимур Төлегенұлы Шаймергенов енді.
Аталған кітаптың ерекшелігі – жас мемлекеттің өркендеу жолындағы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқарушылық шешімдерінің алгоритмі нақты деректер мен анық мысалдармен берілуі болып табылады. Бұл алгоритм авторлардың шешімімен «Назарбаев моделі» ретінде анықталған. «Назарбаев моделін» сараптауда заманауи басқару мектептерінде кеңінен қолданылатын кейстер әдістемесі пайдаланылған.
«Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық тарихы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Экономикалық және саяси тұрақсыздық орын алып жатқан әлемде Елбасы еліміздің ішінде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің, экономикалық гүлдену мен әлеуметтік дамудың бастауында тұрды. Азия барыстары атанған Сингапур, Оңтүстік Корея, Тайвань мен Гонконг өздерінің даму модельдерін қалыптастырды. Сол секілді бүгінгі күні біздің де қазақстандық, оның ішінде Назарбаев моделі қалыптасты», - деп атап өтті Б.Темірболат.
Кітапты басып шығару «Деловой мир Астана» баспасына тапсырылды. Hі-tech стилімен рәсімдеу кітап мазмұнындағы тарихи ақпараттарды оқырмандарға заманауи жеткізуге және ішкі, сыртқы пішінін ерекше тың идеялармен жүзеге асыруға негіз болды. Жұмыс барысында эксклюзивтілікті пайдалану құндылығы «Назарбаев моделі» кітабын жасаған кезде сақталды. «Деловой мир Астана» баспасының директоры Шолпан Сыздықова: «Жұмыс барысында біздің редакторларымыз, дизайнерлеріміз шығармашылық ізденіс үстінде болды. Кітаптың түпнұсқасы мен мазмұны саяси терең болғандықтан, оны оқырманға тартымды әрі сүйкімді етіп жеткізу баспаның басты мақсаты болды» - деп атап өтті.