«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына қатысты пікірін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта тек біздің еліміз ғана емес, барша әлем дағдарысқа ұшырап, қиындық көруде. Осындай күрделі кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы «Бірлесе білген ел жеңеді» деп халықты ынтымаққа шақырып, әрдайым елдің мүддесін ойлайтынын көрсетті. Елбасының бұл мақаласын қазіргі уақытта аса өзекті деп санаймын. Мақаланың өн бойына зер салсақ, тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық жетістігіміздің бастауы – халықтың береке-бірлігі екендігін аңғарамыз. Осы орайда, бауырмалдық, бірлік, сабырлық, бір-бірімізге ұшын беру сынды бойымызға сіңген игі қасиеттерді жоғалтпай, шыңдала түсуіміз керек. Елбасы айтқандай, қиындықтар рухы мықты, өзіне сенімді адамдарды тек шынықтыра түседі. Демек, біз қазіргі сынақтарды қауіп ретінде емес, жаңаша даму үшін берілген мүмкіндік деп қабылдауымыз керек«, - деді ұйым директоры.
Оның атап өтуінше, мақалада айтылған барлық мәселелер халық мүддесі мен оның жарқын келешегі үшін аса маңызды.
»Елбасы жастарға ерекше үміт артатынын жеткізіп, аға буын өкілдерін парасаттылыққа шақырды. Қиын кезеңде қолдау көрсетіп, қаржылай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтардың да еңбегін атап өтті. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп ұлы Абайдың өсиетін айта келе, Елбасы осы мақала арқылы ел бірлігін танытатын кезеңнің келгенін аңғартты«, - деді ол.
Осы орайда Жеңіс Сейдуллаұлы өнер адамдары да көптеген онлайн-жобалар арқылы қолдау көрсетіп, қиын кезеңде қашықтыққа қарамай әрдайым халықпен бірге екендігін дәлелдей түскендігін баса айтты.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бірлігіміз мықты болса, бұл қиындықты да еңсереміз деп ойлаймын. Демек, Елбасының салиқалы ойларына ден қойып, ел болашағы үшін барынша еңбек етіп, жауапкершілік танытуға шақырамын«, - деді «Қазақконцерт» басшысы.