21 қар, 2018 сағат 11:48

Елбасы барлық тарихшыларға үндеу жасап отыр - Нәпіл Базылхан

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Мақалада түркі өркениетін дамытуға қатысты бірқатар мақсат-міндеттер белгіленді.

Түркітанушы Нәпіл Базылханның айтуынша, аталған мақаланың стратегиялық маңызы зор. Себебі онда біздің өткеніміз бен болашағымызға қатысты ойлар қамтылып отыр.

«Бұл - бағдарламалық мақала. Президент көшпелілер өркениетінің негізгі бесігі Алтай екенін, таңғажайып аң стилін, мифологияны - бәрін анық көрсетті. Мемлекет басшысы төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін ұрпақтың болашағы зор болады дейді. Сондықтан бұл - бүгінгі болмысымызды сараптап, болашағымызды бағамдауға арналған мақала. Оның стратегиялық маңызы зор», - дейді Н.Базылхан.

Ғалымның сөзіне қарағанда, Президент «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы арқылы барлық тарихшыларға үндеу жасап отыр. Соның ішінде түркітанушыларға да ауқымды шараларды қолға алу қажет.

«Мәселен, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба туралы жазылды. Негізі, түркі әлемі - бұл үлкен әлем. Ол Еуразияны толығымен қамтиды. Оған қатысты тарихтың біраз қырлары әлі де түпкілікті зерттелмеген. Сондықтан Президент түркі халықтарының тарихын кешенді түрде қарауға үндеу тастап отыр. Себебі оның ішінде археология, этнография, мәдениет пен өнер, фольклор және тағы басқа салалар бар. Осы жұмысқа түркі әлемін зерттеп жүрген отандық болсын, шетелдік болсын, барлық ғалымдар атсалысуы қажет деп ойлаймыз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашуды ұсынды. Бұл - өте орынды идея. Себебі біз заман талабына сай дамуға тиіспіз. Қазіргі технологияларды жан-жақты қолданған жөн. Сонда түркі әлеміне қатысты тарихи деректерді онлайн кітапхана арқылы оқуға мүмкіндік туады», - деп атап көрсетті Н.Базылхан.

Айта кетейік, өз мақаласында Президент Қазақстанның күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» екенін, сондай-ақ, қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтардың басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосқанын ерекше атап өтті.

«Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды. Сонымен қатар, жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады», - делінген мақалада.