Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысында Елбасы партияластарының алдында қандай міндеттер тұрғанын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырыс барысында партия бағдарламаларының орындалу барысы мен алдағы кезеңге арналған жұмыстың басым бағыттары қаралды. Кеңесті аша отырып Елбасы 20 жыл ішінде «Nur Otan» елдің қуатты саяси күшіне айналғанын атап өтті.
«Ең қиын кезеңдерде біздің партия бір арнада жұмыс істеу үшін адамдар мен саясаткерлерді ұйыстыра білді. Біз бейбітшілік пен этносаралық келісімді, саяси тұрақтылықты сақтап қалдық. Осының арқасында көптеген жетістікке жеттік. Бұл ынтымақ біздің елімізді «дағдарыс қыспағынан» алып шығып, инвестиция тартуға, мыңдаған жаңа кәсіпорын ашуға, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ең бастысы, Тәуелсіздігімізді сақтап, оны нығайтып алдық, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық өзгерістер жағдайында партия алдында жаңа және одан да күрделі міндеттер тұрғанын атап өтті.
«Қазақстан, басқа да тез дамып келе жатқан елдер сияқты «Орта табыс тұзағына» тап болды. Бүкіл әлем бойынша орта тап кірістерінің стагнациясы байқалады. Сондай-ақ, теріс жаһандық трендтер де елеулі ықпал ететінін де айта кету керек», - деді партия Төрағасы.
Елбасы азаматтардың өсіп келе жатқан сұраныстарына дер кезінде ден қою қажеттігін атап өтті.
«Сонымен қатар, қиындықтарға қарамастан, 2050 жылға дейінгі Стратегияда белгіленген басты мақсатты - дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді, яғни қазақстандықтардың өмір сүру сапасын дамыған елдердің деңгейіне көтеру мақсатын ұмытпауымыз керек. Бұған қол жеткізу үшін, бірінші кезекте, тұрақтылық, бірлік және ең бастысы – барлық қазақстандықтардың еңбекқорлығы қажет. Біздің әрқайсымызға мұны түсінген абзал. Бұл жолды барлық отыздыққа енген елдер жүріп өткен, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағытының мақсаттарына қол жеткізу бағытында партия жұмысының басым бағыттарына тоқталды.
«Бұл үшін біздің партия, біріншіден, қоғамды біріктіріп, елдің саяси басшылығының бірлігін бекемдеуі тиіс. Ішкі бірлік пен келісім бар да – өркендеу де болады. Екіншіден, нақты партиялық сәйкестік пен қатаң тәртіп, атқарушы биліктің жауапкершілігі қажет», - деді партия Төрағасы.
Елбасы Мәжіліс пен мәслихаттардағы сайлау науқанына сапалы дайындық жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
«Алда бізді Конституциялық мерзімде өтетін Мәжілістегі маңызды сайлау күтіп тұр. Өткен жылы заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, Мәжілістегі сайлау секілді мәслихаттарда да келесі сайлау алғаш рет партиялық тізімдер бойынша өтеді. Біз жеңіске жетуді және ұзақ мерзімді саяси көшбасшылықты мақсат етіп отырмыз. Сондықтан алдағы сайлау науқанына дайындықты дәл бүгіннен бастау керек, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы сондай-ақ барлық азаматтарды мемлекеттің өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін партияға қосылуға шақырды.
«Біз өз ұсыныстарын бере бастаған белсенді азаматтарды, блогерлерді көріп, естіп отырмыз. Егер олар шын мәнінде біздің еліміздің қамын жесе, біз оларды ұсынылған идеяларды жүзеге асыру үшін партиямен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз», - деді партия Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ел аймақтарындағы азаматтардың проблемаларын шешуде «Nur Otan» партиясының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.
««Nur Otan партиясының міндеті – тиімді қоғамдық және партиялық бақылау, біздің халыққа берген барлық уәделерді сапалы орындау, «Бес институционалдық реформаны», партияның 2021 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын, сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бағдарламасын іске асыру. Олардың барлығы қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған», - деді Елбасы.
Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының төрағасы Қоғамның партияға сенімін арттыру мақсатында ақпараттық-идеологиялық стратегияны қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.
«Проблемалар туралы ашық айтып, оларды нақты орнында шешілуіне қол жеткізу қажет. Біздің міндетіміз - қоғамдағы сенім ахуалын қалыптастыру. Ол үшін барлық қоғамдық, саяси күштердің, бизнестің, интеллигенцияның, сарапшылар мен азаматтардың диалогы қажет. Барлық қолда бар алаңдарды пайдаланған абзал. Нақты проблемаларды шешу үшін мақсатты жұмыс болуы тиіс. Біз азаматтарға болашаққа деген сенім беруге тиіспіз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Партияның Саяси кеңесі Бюросының отырысы барысында «Nur Otan» партиясының партиялық тізімі бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарының мандаттарын Г. Н. Әбдіқалықоваға, Н. Б. Әлімжановқа, Н. Қ. Әшімбетовке және Ж. Қ. Омарбековаға беру туралы шешім қабылданды.