29 қаң, 2017 сағат 20:59

Елбасы: Алматыға қар жаумағанда, Астанадан апарар едік

- Алматыға қар жаумағанда, Астанадан апарар едік. Бүгін Алматыда өткен 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай қалжыңға басты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Елбасы шетелдік сарапшылардың Алматының ауа райына қатысты қойған сұрағына да осылай жауап берген екен.

"Жақында шетелдік сарапшылар маған "Алматы елдің оңтүстігінде ғой, қар жаумай қалса, не істейсіздер?", деген сұрақ қойды. Мен еш алаңсыз "Астанадан əкелеміз", деп жауап бердім. Құдайға шүкір, қазір Алматыда қар қалың, жарыс күндері де қар мол болады деген үміттеміз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін Алматыда 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанаты өтті.  Шараға қатысқан ҚР Президенті жастар сайысына 57 елден 2 мыңнан астам спортшы, мыңдаған спорт маманы мен жанкүйер қатысып жатқанын атап өтті.  Ашылу рәсімінде спортшылар шеруін 28-інші Универсиаданың иесі - Қазақстан құрамасы аяқтады. Еліміздің байрағын шаңғышы Дәулет Рахымбаев алып жүрді. Ел намысын барлығы 175 спортшы қорғайды.

Айта кетейік, Алматыдағы Универсиада ойындарының ашылу салтанатына халықаралық студенттер федерациясының президенті Олег Матыцин және өзге де бірқатар мәртебелі меймандар қатысты.