Тараз қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы өтті. Мерекелік шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар көшбасшысы Максим Споткай, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық Ассамблея мүшелері, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен жалынды жастар қатысты.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе жастар арасында ілгерілету, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін және жетістіктерін көрсетуді мақсат тұтқан бұл іс-шарада жамбылдық ұландар елдің бірлігін, ынтымағын паш етті.
Жасындай жарқыраған тәуелсіз елдің жастары республикалық акцияның эстафетасын Оңтүстік Қазақстан облысынан қабылдап алды. Сондай-ақ, оңтүстікқазақстандық өрендер «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабын да киелі Жамбыл жеріне жеткізді. Бұл кітапқа Тәуелсіздік жылдары жастардың қол жеткізген жетістіктері, өңірлерде жастарға жасалған қамқорлықтар, «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясының біріктіруші рөлін және өңірлердегі жастардың Елбасына қолдау көрсеткен үндеулері жазылуда. Яғни, жылнама Жамбыл жастарының жетістіктерінен де сыр шертетін болады. Өйткені, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде, алға қарай қадам басуында әулиеаталық жастардың да қосқан үлесі айрықша. Жамбыл жастары әлемдік деңгейде ұшқыр білімі мен білек күшімен, сан қырлы өнерімен еліне деген сүйіспеншілігін, туған жеріне, туған еліне деген құрметін таныта білді. Талай додада оза шауып, Қазақ елінің абыройын асқақтатып, еліміздің туын жоғары көтеріп жүрген әр түрлі ұлттың жастары акция барысында сахна төріне шығып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.
– Өз өзін тапқан адам өзге адамның пікіріне бағынышты болудан арылады, – дейді Тәуелсіздік құрдасы Нұржан Туғанбай. – Өзінің дара даңғылын, жүйелі жолын, көкжиек көшін тапқан менің мемлекетім, менің елім – Мәңгілік Ел. Еліміздің алауын мәңгі маздату жастардың міндеті деп есептеймін. Өзге елдің өренін босағасынан аттатып, басынан сипаған бауырмал елдің, тірескенді тізесінен, басынғанды басынан асырмаған жауынгер жұрттың, сөйлесе сөздің майын тамызған шешен, бастаса көшін адастырмаған көсем халықтың бүгінгі жастары – біз. Болашағымыздың жарқын болуы біздің қолымызда.
Бұл күні жамбылдық жастар «Біз, Қазақстанның азаматтары, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи «Тәуелсіздік толғауын» негізге ала отырып, елдің мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақырамыз», дей келіп, Елбасына үндеу жолдады.
Акция соңында «Мәңгілік Ел» кітабын Қызылорда облысы жастарының қолына бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов салтанатты түрде табыс етті. Бұл күні ән мен жырдан шашу шашылды. Бір шаңырақ астында мекендеген, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің бұл мерекесіне мыңнан астам жастар қатысып, қолдау көрсетті. Лайым, «Мәңгілік Елдің» қыран құстай қанатты ұрпақтары жасай берсін!
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»