ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Қазақстандағы президенттік басқару жүйесінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда пайым-пікірін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осыдан тура 30 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 24 сәуірінде қазақстандық президенттік институты бекітілді. Дәл осы күні Жоғарғы кеңесте ел Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Бұл оқиға республикадағы шынайы басқару тетіктері Жоғарғы кеңес пен Министрлер кеңесінің қолында тұрған кезде өрбіген еді», - деді Қайрат Мәми «Президенттік басқару нысаны. Конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты халықаралық онлайн-конференцияда.
Оның айтуынша, дәл сол кезеңде биліктің ескі жүйесі алға басуға мүмкіндік бермей, елді тығырыққа тіреп тұрған.
«Сол себепті Қазақстан Президенттің бастауымен орталықтандырылған билікке бағыт алды. Осылайша ел басқару механизмі бекем әрі жұмысқа қабілетті бола түсті. Осы сәттен бері 30 жыл өтті. Қазақстандық басқару жүйесі эволюциядан, терең трансформациядан өтті десе де болады. Бүгінгі Конституцияға сәйкес мүлде жаңа президенттік басқару жүйесі жолға қойылғанын атап өту керек. Бұл жүйе биліктің бірлігіне, заңнамалық және сот саласын бөлу қағидатына негізделді. Қазақстанды стратегиялық тұрғыда бекемдеу тұрғысынан бұл өте маңызды қадамдар», - деп түйді Қайрат Мәми.