Республика бойынша ауыр атлетика жарыстарында допингпен ұсталып жатқан спортшылар бар. Бұл туралы ҚР Ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келесі Олимпиада ойындарына толық құрамда қатысуды жоспарлап отырмыз. Токио Олимпиадасында біліктілік жүйесі бірнеше шектеуді болжады, осыған орай Қазақстан 2 спортшыны қатыстыру жөнінде шешім қабылдады. Біздің федерация допингке қарсы білім беру, семинар, тренингтерді үзбей өткізіп келеді. Әлемдік жарыстарға жібермес бұрын атлеттерді допингке қарсы тексеруден өткіземіз, мақсат – спортшылардың таза екендігіне тағы бір рет көз жеткізу. Ағымдағы тәртіпбұзушылықтарға келсек, ел көлемінде допинг ережесін бұзушылық бар, біз атлеттерді ұстап жатырмыз. Жуырда ғана Қостанайда ауыр атлетикадан өткен жастар ойыны барысында допинг жағдайы тіркелді. Ондай сәтте әр жағдай жеке қаралып, тексеріледі», - деді Алдияр Нұралинов ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, федерация басшысы елімізде допингпен күрес жұмысы жалғаса беретінін алға тартты.
«Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Алдағы уақытта халықаралық бақылаушылар келеді. Халықаралық тестілеу агенттігімен бірлесіп әрекет ету мәселесі қаралып жатыр. Агенттік өкілдері осыдан бірнеше апта бұрын ғана Токио Олимпиадасына баратын біздің ауыр атлеттерді допингке қарсы тестілеуден өткізген болатын. Одан бөлек, спортшыларымыз Қазақ ұлттық допингке қарсы орталықтың жіті бақылауында», - дейді ол.