«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне 140 мың оңтүстікқазақстандық билет сатып алған. Әлемдік деңгейдегі шараға өңірден 3 750 баланы алып бару жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақтық коммуникациялық орталықта өткен брифингте ОҚО кәсіпкерлік, индустриялдық-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына санаулы сағаттар қалды. Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарды Астанаға жіберуге және қонақтарды күтіп алуға дайын.
Батырхан Құрмансейіттің сөзінше көрмені күнгейдегі мүмкіндігі шектеулі жандар, ардагерлер және зейнеткерлер де назардан тыс қалмайды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жасақтаған тізімімен 179 адам көрме нысандарын тамашалай алады. Бұдан бөлек, «Шымкент-Астана» бағытында жүретін пойыз 86 вагон 3 044 орынмен толықтырылып отыр. Әуе бағытында да 16 755 қосымша орын бөлінген.
«Қазіргі таңда «ЭКСПО-2017» көрмесіне бару кестесі әзірленуде. Облыс тұрғындарының орналасу мәселесі де шешілген. Бұл мақсатта Қазақстан Агротехникалық Университеті мен Қазақстан Ұлттық Өнер Академиясынан күнделікті 600 орын брондалады. Уақытша тұрғын үйге мұқтаж тұлғалардың өтініші Астана қаласындағы арнайы брондау бөліміне түседі. Тізім үнемі жаңартылып отырады», - деді облыстық кәсіпкерлік, индустриялдық-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт.
Жалпы, оңтүстік өңіріне 2 490 орын арнайы өтінішпен брондалыпты. Өтініштердің басым бөлігі Кентау, Түркістан қалалары мен Шардара және Мақтаарал аудандарынан және ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан келіп түскен.