13 нау, 2024 сағат 17:08

Мәжіліс лауазымды тұлғалардың маңдайынан сипап жіберетін жер емес — Ерлан Қошанов


Фото: Парламенттен

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутаттардың Парламент қабырғасында өздерін қалай ұстайтынына пікір білдірді деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат"

Ерлан Қошанов депутаттар шектен шығатындай қылық көрсетіп жүрмегенін айтады. 

"Мәжіліс келген министрлердің немесе басқа да лауазымды тұлғалардың маңдайынан сипап жіберетін жер емес. Бұл жерге келгенде депутаттар талап қояды. Сұрақтарына нақты жауап ала алмаса, кейде эмоцияға беріліп жатады. Бұл барлық әлемдегі парламенттерге тән оқиғалар. Мұны парламентаризмнің заңдылығы деп айтуға болады. Бірақ ол дөрекілікке немесе жеке басқа өту, не болмаса агрессияға жатпайды. Әрине тілі мен діні, ұлты бойынша кемсітуге жол берілмейді. Регламент бойынша оны қадағалайтын мен. Сонымен қатар этика жөнінде комиссиямыз бар. Ондай жағдай бола қалса комиссияда қаралып отырады. Әрине әр түрлі жағдай болады. Кейбір келген министрлер немесе олардың орынбасарлары бізге толық жауап бере алмай, сырғытпа жауап беріп жатады, кейде жазбаша жауап береміз деп айтады. Егер ол қандай да бір заң жобасымен келетін болса, сол заң жобасын толық білуі керек. Қойылатын сұрақтарға да жауап беруі тиіс. Сол кезде әрине конструктивті әңгіме болады деп ойлаймын. Бүгінгі күні жаға жыртысқан, шектен шыққан оқиғалар болды деп ойламаймын", - деді Ерлен Қошанов журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетейік бұған дейін депутаттар өздерін дөрекі ұстайды, этика сақтамайды деген пікірлер болған.