12 мау, 2024 сағат 14:28

Депутат аграрлық сала мәселелерін көтеріп, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын қайта қарауды талап етті

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен

Бүгін Мәжіліс отырысында «Ауыл» фракциясының депутаты Анас Баққожаев елдегі аграрлық саланың бірқатар мәселелерін көтеріп, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасының қайта қаралуын талап етіп, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"Экономиканың өсу қарқыны бойынша аграрлы сала ең төменгі көрсеткішке ие. 2005-шы жылдан бері ауыл шаруашылығы бойынша қабылданған бірде-бір мемлекеттік бағдарламала соңына дейін іске аспаған. Аграрлы саясат тұрақсыз болғандықтан соңғы 20 жылда субсидия беру ережелері 57 рет өзгерген. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы бюджеттік қаражаттың ең көп ұрланатын салалардың тізімінде алдыңғы үштіктен түспей жүр", - деді депутат өз сөзінде.


Депутат Баққожаевтың сөзінше соңғы 10 жылда дүкен сөрелеріндегі импорттық өнімнің үлесі 3 есе өскен. 

"Қаншама бағдарлама жасалса да еліміздегі қайта өңдеу кәсіпорындардың нақты өндіріс қуаттылығы еш уақытта 30 пайыздан асқан емес. Онымен қоса бірқатар экспорттық бағыттарды уысымыздан шығарып алдық", - деп қынжылды ол.


Сондай-ақ депутаттың айтуынша алыпсатарлар бағаны білгендерінше қойып, үлкен пайдаға кенеліп отыр. Олардың пайдасы фермерлерден 4 есе көп көрінеді. 

Анас Баққожаев соңғы 5 жылда жаздағы құрғақшылық пен қыс мезгіліндегі мал жұты қалыпты жағдайға айналғанына алаңдаушылық білдірді.

"Былтырғы сатылмай қалған жүгері мен пияз проблемаларын қайтпекпіз? Ауыл дүкендерінде ағзаға қажет барлық тауарлар бар деп айту қиын. Электр энергиясы, жылу мен коммуналдық тарифтердің өсуі жаңадан құрылған жобалардың дамуына тұсау болып отыр. Соңғы жылдары агросалаға жеке инвестициялар әлсін-әлсін келе бастаған еді, алайда тәуекелге тап болғанда мемлекет қол ұшын созбаған соң олардың барлығы ауыл шаруашылығы бизнесінен ат-тонын ала қашты. Көптеген шаруашылықтар сатылып жатыр", - деп, осының барлығы азық-түлік қауіпсіздігіне арналған арнайы заңның жоқтығынан екенін жеткізді.


Осылайша, «Ауыл» партиясы азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына жіберген екен, алайда тиісті қолдау таппапты.

"Біз ұсынған заң жобасында нақты нәтижеге қол жеткізетін, фермерлердің баяғыдан күткен реформарға жол ашатын бірнеше жаңа нормалар ұсындық. Олармен дұрыстап таныссаңыз, көптеген мәселеге көзіңіз ашылады. Алайда біздің ұсынған новеллаларды ешкім дұрыстап сараптаған жоқ! Егер барлық заңдарымыз дұрыс болса, онда неге Қазақстанда «азық-түлік дағдарысы» деген түсінік бекітілмеген? Оның негізгі факторлары қандай? «Аш қалуымыз мүмкін» деген дабылды қандай жағдайда қағамыз? Жүйелі түрде алдын-ала болжам неге жасамаймыз? Сұрақ көп, жауап жоқ", - деді Баққожаев.
 

Осыған байланысты «Ауыл» фракциясының депутаттары Азық-түлік қауіпсіздігі туралы дайындаған заң жобасын уәкілетті министрліктің деңгейінде емес, Үкіметтің деңгейінде қайта қаралып, пысықталуын талап етеді.