Келесі жылы жалпы ішкі өнім кем дегенде 2,8 пайызға өседі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Үкімет экономикамыздың барлық салаларын тұрақты көзіне айналдыруды көздеп отыр. Дегенмен соның ішінде ең алдымен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруышылығы, көлік және туризм салаларының әлеуеті жоғары. Сондықтан бұл бағыттарға басымдық беріліп отыр. Мұнай саласына тоқталсақ, биылғы 8 айдың қортындысы бойынша былтырмен салыстырғанда мұнай саласынан келетін түсімдер 46 пайызға азайды немесе 1,6 трлн теңгеге. Соның ішінде былтырға қарағанда мұнайды экспорттауға кеден бажының көлемі 350 млрд теңгеге кем болды», - деді Ә. Смайылов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, экономиканы тұрақтандыру бойынша Үкімет тарапынан кешенді жоспар іске асырылып жатыр.
«Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, халыққа және бизнеске қосымша көмек беру бойынша тиісті қадамдар енгізілуде. Келесі жылы жалпы ішкі өнім кем дегенде 2,8 пайызға өседі деп жоспарлап отырмыз. Ал орта мерзімді перспективада экономикамыздың өрлеу қарқынын 5 пайызға жеткізуіміз керек», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.