20 там, 2025 сағат 16:36

Қазақстанның ДСҰ-дағы 10 жылдық тәжірибесі: экспорт пен инвестиция артты

Фото: ҚР СжИМ

2025 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болғанына 10 жыл толды. Осы кезеңде ел халықаралық сауда жүйесінің белсенді әрі жауапты қатысушысы ретінде танылды, деп хабарлайды Ult.kz.

2015 жылдан бері Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 76,5 млрд АҚШ долларынан 134,7 млрд долларға дейін өсті. Экспорт көлемі 45,8 млрд-тан 77,6 млрд долларға жетті. Қазіргі таңда сыртқы сауданың 98%-ы ДСҰ-ға мүше елдермен жүргізіледі.

ДСҰ мүшелігі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын да арттырды: шетелдік тікелей инвестициялар 2015 жылғы 4,1 млрд доллардан 2024 жылы 12,7 млрд долларға дейін өсті.

Маңызды кезеңдердің бірі – 2022 жылы Женевада өткен ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясына Қазақстанның төрағалық етуі. Бұл жиын ұйым тарихындағы ең табысты шаралардың бірі ретінде бағаланды.

Сондай-ақ 2024 жылы Женевада өткен сауда саясатына алғашқы шолу барысында Қазақстанның рәсімдерді жеңілдету, ашықтықты арттыру және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстары жоғары бағаланды.

Кедендік әкімшілік саласында да елеулі реформалар жүргізілді: электрондық декларациялау, «Бірыңғай терезе» жүйесі енгізіліп, рәсімдерден өту уақыты екі күннен 20 минутқа дейін қысқарды.

ДСҰ-ға мүшелік Қазақстанға дауларды шешудің халықаралық тетіктерін пайдалануға, ұлттық мүдделерді қорғауға және әділ жаһандық сауда жүйесін қалыптастыруға белсенді атсалысуға мүмкіндік берді.