25 ақп, 2020 сағат 09:58

Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі өсуде - Дәленов

Кезекті Үкімет отырысы кезінде Қазақстанда бизнес ахуалды жақсарту шаралары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов айтқандай, бизнес ахуалды жақсарту бойынша басты бағыттар мемлекеттік қолдау шаралары, заңнаманы жақсарту және реттеу ортасын жеңілдету болып отыр. 

2050 жылға қарай экономикада шағын және орта бизнестің үлесін 50%-ға дейін арттыру — стратегиялық міндет.

«Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі өсуде. Жедел деректер бойынша 2019 жылы ол 29,5%-ды құрады. 2020 жылға қойған міндетіміз – жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің үлесін 30%-ға дейін, 2025 жылға қарай 35%-ға дейін, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу. Бұл дамыған елдердің деңгейіне сәйкес келеді», — деді Р. Дәленов.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, шағын және орта бизнес — экономика және жұмыспен қамтудың негізгі элементі. Дамыған елдер шағын және орта бизнес кәсіпорындарының көптігімен ерекшеленеді. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны көп болса, экономиканың көлемі арта береді. Сондай-ақ шет елдердің көрсеткіштері бойынша экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі жоғарыласа, халықтың жұмыспен қамтылуы да жоғары болады. Шағын және орта кәсіпкерлік негізгі жұмыс орындарын құрайды.

Осылайша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес болу мақсатында, заңнама мен реттеушілік ортаны жақсарту маңызды.

Кәсіпкерлікті қолдау «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылады.

«2019 жылы аталған бағдарламалар аясында 22 мың жобаға қаржылық қолдау көрсетілді. Бизнеске жеңілдетілген қаржыландыру көрсетілді және инфрақұрылым өткізілді. Қаржылық қолдаумен бірге 106 мың кәсіпкер бизнестің негіздері мен функционалдық бағыттары бойынша оқытылды. 41 мың кәсіпкерге сервистік қолдау көрсетілді. Бұл бухгалтерлік және салық есебін жүргізумен байланысты қызметтер, заң қызметтері, маркетинг мәселелері және т. б.», — деді Р. Дәленов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту үшін мынадай шаралар жүзеге асырылды.

Біріншіден. Өткен жылы бизнес-ортаны дамыту мәселелері бойынша 100-ге жуық түзетуді көздейтін заңнамалық бастамалардың 7 топтамасы қабылданды.

Биыл Қазақстан әлемнің 190 елінің ішінде бизнес ахуалы жағынан аса қолайлы ТОП-25 елдің қатарына кірді. 

Екіншіден. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша микро және шағын бизнес үшін салық төлеуге және оларға тексеру жүргізуге мораторий енгізілді. Жалпы 1,2 млн микро және шағын кәсіпкерлік субъектісі үш жылда салық бойынша 382 млрд теңгені үнемдейді.

Сондай-ақ мораторий нәтижесінде 3 жылдың ішінде 100 мыңға жуық тексеріс өткізілмейді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді және бизнесті жүргізу тұрақтылығына жәрдемдеседі. 

Үшіншіден. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әділдік презумпциясы қағидатын енгізу бойынша нормалар ұсынылады. Барлық реттелмеген даулы мәселелер бизнестің пайдасына қарай шешіледі.

Сондай-ақ ауыспалы кезең практикасын енгізу ұсынылады. Бизнеске қойылатын талаптар өзгертілетін болса, олар бірден емес, бизнеске дайындалуға уақыт беру үшін, белгілі бір кезеңнен кейін күшіне енуі тиіс.

Бизнес-қауымдастық алдында бақылау-қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні енгізіледі. Мұндай есеп жыл сайын жүргізіледі.

«Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында бизнес ахуалды жақсарту бойынша реформалардың сегізінші топтамасын қабылдау, “Бизнеске арналған үкімет” сервисін іске қосу, сондай-ақ ақылды реттеу құралын іске асыру қажет. Бұл Қазақстанда бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдетеді», — деді Р. Дәленов.

Бизнес ахуалды жақсарту бойынша реформалардың 8 топтамасы

Заңнамалық шаралардың 8 топтамасы шеңберінде бизнесті дамыту үшін қалыпты жағдай жасау бойынша заңнамалық түзетулердің іске асырылуы көзделген. Бұл шарттарды тіркеу рәсімін оңайлату.

Сондай-ақ қосымша құн салығын төлеушіні тіркеу рәсімі жылдамдатылады.

Бизнесті тіркеу кезінде онлайн режимде банк шотын автоматты түрде ашу көзделетін болады. Сондай-ақ жекелеген рәсімдер бойынша қайталанатын артық хабарламалар алып тасталады.

Заңды тұлғалар бойынша жылжымайтын мүлік туралы ақпарат ашылады. Бұл бизнес операцияларды қауіпсіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Бизнеске арналған үкімет» сервисі

Қызметтерді көрсетудің бірыңғай кеңсесі қағидаты бойынша мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа форматы енгізіледі. «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай кеңсесінде кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту, құзыреттерді арттыру мен қаржыландыру мәселелері бойынша қызметтер мен консультациялардың ауқымды жиынтығына ие болады.

Ұлттық экономика министрі атап айтқандай, бірыңғай кеңседе кәсіпорын ашу, салық декларациясын беру, банктердің шарттарын салыстыруға және басқа да әрекеттерді жасауға болады. Енді кәсіпкерлер туындаған барлық сұрақтардың жауаптарын бірыңғай кеңседен алатын болады. «Бизнеске арналған үкімет» жобасын пилоттық іске қосу осы жылдың маусым айына жоспарланған.

«Ақылды реттеу» құралы

Ақылды реттеу құралын жетілдіру дамыған елдердің үздік практикасына сәйкес келеді.

«Ақылды реттеу» — кәсіпкерлер үшін артық міндеттерді, тыйымдарды, шектеулерді қысқарту және бизнес үшін негізсіз шығындарды айқындау. «Ақылды реттеу» құралы бизнеспен өзара іс-қимыл жасаудың сервистік моделін, тәуекелдерді басқару жүйесінің автоматтандырылуын және ақылды қайта реттеуді қамтиды.

Қайта реттеу

Р. Дәленовтің айтуынша, жаңа талапты енгізбестен бұрын оның бизнеске тиетін ықпалын талдау қажет. Мұндай талдауды жаңа форматта жасау керек. Бұл реттеудің барынша қысқаруы, екі ескі функцияның орнына бір жаңа функция қағидатын енгізуі және т. б.

Осылайша, бұл кәсіпкерлер үшін реттеушілік ортаның сапасын арттыруға және бизнес ахуалды жақсартуға әкеледі.

«Көзделген мемлекеттік қолдау шаралары, заңнаманы және реттеушілік ортаны жақсарту алдағы 5 жылда шағын және орта бизнестің өсуін ықпал етеді. 2025 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны 4 млн адамға дейін жетеді. ШОБ-тың өнім шығару көлемі 35 трлн теңгені құрайды, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылға қарай 35%-ға дейін артады. Бизнес жүргізу шарттарын жақсарту Қазақстанның “Doing Business” рейтингінде 20-орынға ие болуын қамтамасыз етеді», — деп түйіндеді Р. Дәленов.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев өз кезегінде палата құрылған сәттен бері кәсіпкерлердің 624 жүйелі проблемасын анықтағанын жеткізді. Оның 501-і шешілді. Бизнес ахуалды жақсарту бойынша 8-ші реформалар пакеті бизнестің жүйелі мәселелерін зерттеу негізінде жасалды. «Атамекен» ҰКП елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға бағытталған 50-ден астам түзету әзірледі. Олар жер қатынастарымен, бәсекелестікпен, экономикамен, банк қызметтерімен байланысты. 

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов бизнес ахуалды жақсарту Үкімет жұмысының маңызды мақсаттарының бірі екенін атап айтты. Бес жыл ішінде еліміздің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 29,5%-дан 35%-ға дейін артуы тиіс. 

«Биыл маусым айына дейін пилоттық режимде “Бизнеске арналған үкімет” сервисін іске қосу керек. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барлық көмекті және Үкімет тарапынан көрсетілетін барлық қызметтерді бір кеңседен алуға мүмкіндік беру қажет. Биыл мамыр айының соңына дейін бизнес ахуалды жақсарту бойынша 9-шы реформалар пакеті әзірленетін болады», — деді Ә. Смайылов.