«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалдарында азаматтардың несие алуға берген өтінімдерін онлайн-қабылдау жүйесі тесттік режимде іске қосылды. Бұл кәсіпкерлердің компания кеңсесіне бармай-ақ өтінімінің мақұлданғанын немесе мақұлданбағанын алдын-ала білулеріне мүмкіндік береді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен былтыр «ҚазАгро» холдингін трансформациялау бағдарламасы бекітілген болатын. Ондағы негізгі бағыттардың бірі – еншілес компаниялардағы несие беру процесін автоматтандыру. Осыған орай, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында несие өтінімдерін қабылдауды автоматтандыру және несие өнімдерін оңтайландыру жұмыстарын жүргізуде.
«Өтінімдерді қарау процесінің мерзімін қысқарту, сапасын және ашықтығын арттыру мақсатында «Мал шаруашылығын дамытуға несие беру» өнімі бойынша (4 млн теңгеге дейін) тесттік режимдегі өтінімдерді онлайн қабылдау жүйесі енгізілді. Кәсіпкер үйінде немесе кеңседе отырып, жүйеге өзінің электронды цифрлық қолтаңбасының (ХҚКО-нан немесе egov.kz арқылы алған) көмегімен кіреді де «Еңбек» бағдарламасының талаптарына сәйкестігін тексеруге өтінім жібере алады. Қордың автоматтандырылған жүйесі мемлекеттік дерекқорлар мен кредиттік бюролардың мәліметтерін пайдалана отырып, әлеуетті несие алушының сенімділігі мен несие алу мүмкіндігін тексереді. Өтінім алдын ала мақұлданғаннан кейін кепілдікке қоятын мүлігінің құжаттарын алып, Қорға барады. Егер қандай да бір себептермен мақұлдамау туралы шешім шығарылса (салыққа қатысты, банктер мен басқа қаржы институттары алдындағы мерзімі өткен берешек, жағымсыз несие тарихы және т.б.), құжат жинап, Қорға барудың қажетті жоқ», - делінген баспасөз баянында .
Өтінімдерді онлайн қабылдау жүйесі Ақмола және Алматы облыстарының тұрғындары үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан филиалдарда іске қосыл ған.
«Бизнес-процестерді оңтайландыру Қор қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Жүйені автоматтандыруға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілді. Өтінімді автоматты түрде беру жүйесі әзірленді. Оның көмегімен мемлекеттік деректер қорының, мемлекеттік кредиттік бюроның және Бірінші кредиттік бюроның қолжетімді мәліметтеріне талдау жүргізіледі», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарушы директоры Марина Асанова.
Несиені алдын-ала онлайн мақұлдауға өтініш беру үшін не істеу керек? Егер сіз Ақмола немесе Алматы облысының тұрғыны болсаңыз және мал шаруашылығын дамытуға қаржы алғыңыз келсе, www.online.fagri.kz порталына кіріңіз және келісімге қол қойыңыз. «Жаңа өтінім жасау» батырмасын басып, өтінімді жеке кабинет арқылы жіберіңіз. Жүйе мемлекеттік дерекқордан ақпарат сұрату арқылы азаматтың несие алу мүмкіндігі мен сенімділігін тексереді. Оң нәтиже болған жағдайда "жалғастыру" батырмасы іске қосылады.
«Кепілдікті қамтамасыз ету» бөлімінде кепілге қоюды жоспарлаған мүлікке қатысты деректерді енгізіңіз, жүйе мүліктің нарықтық құнын есептейді. Ұсынылған кепілдік мүлкі жеткілікті болған жағдайда жүйе кепілдікті қамтамасыз ету жөніндегі құжаттармен облыстық филиалға жүгіну мүмкіндігі туралы хабарламаны көрсетеді. Құжаттарды несие менеджеріне тапсырғаннан кейін сіз өзіңіздің жеке кабинетіңізден өтініміңіз бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың қай деңгейде екенін бақылай аласыз. Уәкілетті орган оң шешім шығарған жағдайда несие шартын жасасу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалына баруыңыз керек.
Өтінімді қараудың электрондық форматы «адами фактор» мен сұратылатын құжаттардың санын азайтады. Сондай-ақ, басқа да құжаттарды дайындау мен қарау кезеңдері алынып тасталды. Жануарлардың түрлеріне, олардың саны мен аймағына байланысты бизнес-жоспарларды стандарттау жұмысы жүргізілді. Клиентке бизнес-жоспар жасаудың қажеті жоқ, оған жүйеден жеке бизнес-жоспар беріледі. Сонымен қатар, бұрын 10-13 құжат жинау талап етілген болса, қазір тек өтінім берушінің жеке куәлігі, электронды цифрлық қолтаңбасы және кепілдікке қоятын мүлігінің құжаты ғана қажет. Өтінімді алдын ала мақұлдау шешімі 1 сағатқа дейінгі аралықта қабылданады. Ал, өтінімді одан әрі қарау мерзімі 15-тен 3 жұмыс күніне дейін қасқарады. Несиеге қатысты қосымша ақпаратты www.fagri.kz сайтынан оқуға болады.