Фото: Depositphotos / ArturVerkhovetskiy
ҚМА мемлекеттің негізсіз шығындарын болдырмау мақсатында ірі объектілердің құрылысына мониторинг жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Мәселен, "Мемсараптама" РМК көмегімен Астананың энергия торабындағы апатқа қарсы автоматиканы модернизациялау бойынша жоба құны 1,9 млрд теңгеге арзандатылды. Мұнда жобаны әзірлеушілер электр шкафтарының бағасын негізсіз қымбаттатқан.
"Тағы бір жағдайда Астанада құбыр бағасын өсіруге байланысты магистральдық айналма кәріз коллекторын салу құны 5,3 млрд теңгеге арзандатылды.
Петропавлдағы Солнечный кентінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу кезінде электр қосалқы станцияларының құнын 4 есе арттыру фактісі анықталды. Нәтижесінде 2,3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта облыс әкімдіктерімен тағы 24 нысан бойынша мемлекет шығындарын 13 млрд теңгеге төмендету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
"Мәселен, Қарағандыда өндірістік ағындар мен жерүсті сарқынды суларын тазартатын құрылыс жобасы бойынша жабдықтың тек үш түрінің ғана құны 541 млн теңгеге асырылды.
Жалпы алғанда, 8 жоба бойынша екі айдың ішінде бюджет шығындары 10 млрд теңгеге төмендетілді.
Бұл жұмыс әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту процесіне қатысушылар тарапынан жымқыру фактілерінің алдын алуға және оларды қылмыстық жауапкершілік пен сот талқылауларына тартудан қорғауға бағытталған" - дейді ҚМА баспасөз қызметі.