Сіз Эдгар Аллан Поны білесіз бе? Ал Эдогава Рампоны ше? Ол – жапон әдебиетінде ең алғаш жаңашыл детектив жанрының негізін қалаған жазушысы. Өмірінің соңына дейін Эдгар Поның талантына бас иіп, тіпті өз есімін де соған ұқсатып өзгертіп алған екен. Міне, таланты мойындау дегеніміз осы шығар бәлкім. Шын мәнісінде оның есімі –Таро Хираи. (平井 太郎) Өз кезегінде Артур Конан Дойл мен Эдгар Поны алғашқылардың бірі болып жапон тіліне аударады. Оқу орнын аяқтағаннан кейін әдебиеттен біршама қол үзіп қалған Рампо тек 29 жасында алғашқы «Мыс тиын» атты әңгімесін жариялайды. Осыдан кейін, оның әңгімелері бірінен соң бірі толастамай жазыла бастады. Корого Акэти есімде кейіпкерге қатысты бірнеше сериямен детективті әңгімесі оқырманға жол тартты. Бәлкім, бұл кейіпкер де Дюпеннің жапон даласындағы образы шығар, кім білсін?! Қытай–жапон соғысынан кейінгі жылдары ол әскери тақырыптағы детективтерді жазуды қолға алды. Алайда қатаң цензурадан өтпей қалып жатқаны жазушының біраз қайғыға салғаны тағы рас. Етек-жеңін енді жинап келе жатқан жапон қоғамында, детектив жанрын дамытып, тіпті «Жапон детектив жазушылар клубының» негізін қалады. Міне, осылайша Рампо шал жетпістен асқан шағында келешекке өшпес мұра қалдырып, мәңгілік сапарға аттанып кетті. Қазіргі таңда күллі жапон елі осы бір алып жазушыға қарыздар екенін жасырмайды. Ал енді Поның шыққан биіктігіне Рампо шыға алды ма, жоқ па, оны оқырманның өзі шешсін! Алдарыңызда Эдогава Рампоның алғаш қазақ тілінде «Егіздер» атты әңгімесін ұсынып отырмыз. Оқыңыздар, қадірлілерім!
ЕГІЗДЕР
(Өлім жазасына кесілген пірәдардың жан азасы)
Әулие әкей, әне–міне дегенше құшағын айқара ашып ажал мені бауырына басқалы отыр. Соңғы сәттерімді пайдаланып сізбен арыздасып қалайын деп едім. Осынау өмірімде істеген бар күнәларымды мойындап, қалған санаулы сағаттарымды ар алдында таза өткізгім келеді. Бәлкім, сіздің алтын уақытыңызды алармын. Алайда мендей ажалды пендеңіздің жүрегінен шыққан соңғы сөзін тыңдауыңызды сұранамын.
Қараңғы қапаста қамалып отырғанымның себебі: аса ауыр қылмысым үшін өлім жазасына кесілдім. Сейфтен отыз мың иенді жымқырып, ол аз десең кісі өлтіргенімді дәлелдеп отырса, қалайша сытылып шықпақпын?! Айналамдағылардың ешқайсысы мені мұндай іске барады деп ойламаса керек. Ал шын мәнісінде мен бұдан өткен ауыр жазаға лайықтымын. Және оған ешкім араша бола алмайды.
Бірақ бар мәселе мұнда емес. Ешбір пенде тәккаппар өлімнің алдында дәрменсіздік танытып, жағымсыз естеліктер қалдырғысы келмейтін шығар, бәлкім. Міне, сол себепті мен де осы уақытқа дейін әйелімнің ештеңе білмегенін қаладым. Бөрік астына бөлтірікті жасырамын деп қаншама азап шектім десеңші! Сот залында менің елге мәшһүр қылмысынан басқа ештеңені де дәлелдей алмады. Тіпті өлім жазасынан құтылмасымды білген күннің өзінде де мойындауыма болар еді. Бірақ өзге түгіл өзімнен жасырған менің құпия қылмысым тілімнің астына тығылып қалды.
Енді міне, мен қазір бәрін басқаша бағамдай бастадым. Әулие әкей, менің әйелім өмір бойы өзінен жасырып келген бар шындықты сізден білгенін қалаймын. Соңғы минуттары соққан сәтте – шаруасы біткен қаскүнемнің де адамгершілігі оянады екен ғой. Өзіммен бірге көрге осы бір жаға ұстатар құпиямды ала кетсем, нағыз жексұрынның өзі болар едім. Онымен қоса өлтірген адамымның кегі мені одан әрмен үрейлендіруін қояр емес. Жоға, отыз иен үшін жанын жаһаннамға жіберген бақытсыз жайлы айтып отырғаным жоқ. Бұл қылмысымды мойындап қойғаннан кейін бе, әйтеуір иығыма аса ауыр жүк болып отырғанын сезіне алар емеспін. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын істеген қылмысым алқымымнан алып, жаныма маза берер емес.
Өз қолыммен кеудесінен жанын суырып алған адамым – менің туған ағам болатын. Ол маған барынша ағалық қамқорлығын танытып жүрді, ал мен оған іні болып жарытпадым. Ең қызығы, біз жарық дүние есігін бір сәтте ашқан егіздер болатынбыз...
Үнемі ағамның елесі мені тынымсыз аңдиды да жүреді. Тіпті түн ішінде кеудеме бар салмағымен отырып алып тұншықтыратын секілді, ол аз десең айдың күні аманында бөлме ішінде пайда болып, айтып жеткізе алмайтын өшпенділікпен қарап тұрады. Кейде терезеге бір уақ көз тастап, демінен мұз қаритын суықтықпен құшақтап алып, ыржиып күлетінін айтсаңшы...
Ал енді ең қорқыныштысы біз екеуміз бір-бірімізден аумайтын едік. Қабырғасынан сыз ұратын мына бір қапасқа түспей тұрып, ақша үшін істеген алғашқы қылмысымның ертесіне–ақ, мен ағамның елесін көре бастадым. Болары болып, бояуы сіңген уақытта артыма бір сәтке көз салып қарасам, менің осы бір өте ұқыпты дайындалып жасаған екінші адам өлтіруімнің сәтсіз аяқталуы – аға рухының кек қайтаруы ма деп ойлап қоямын.
Туған бауырымды жер жастандырғаннан кейін, мен айнаға қараудан қатты қорқатын болдым. Тек қана айна емес, кескін келбетті көрсете алатын кез келген зат маған үрей туғызатын еді. Өз үйімде айнадан не шыны әйнектен істелген керек-жарақтың бәрінен құтылуға тырысып бақтым. Бірақ ешқайсысы көмектеспеді: айналаңдағы дүкендерден жылтыраған әйнектер мен тауар қойылатын сөрелерден өзіңді көру үшін бір сәтке көше кезсең жетіп жатыр. Оған қаншалықты назар салмауға тырыссам, соншалықты менің жанарымды өздері аударып әлек. Және әр қараған сайын менің өз келбетімнен, көздерінен өшпенділіктің оты шарпыған ағамның кескінін көретінмін.
Бір күні айна сататын дүңгіршектің жаныннан өтіп бара жатып ақылымнан алжасып қалғандай күй кешкенім әлі есімде. Кескін-келбетім жүзге айналып, көз алдымда көлбеңдеп тұрып алмасы бар ма? Әрқайсысынан қадала қараған ағамның сұсты жанары... Өзіңіз ойлап қараңызшы, жан-жағымнан қаумалаған ағамның көздері...
Басқапқы да осы бір елес менің артымнан қанша қалмай қойса да, пәлендей мән берген емеспін. Себебі, менің ішімдегі менменсінген сенімім «осынау керемет һәм өте жоғары деңгейде ойластырылған қылмысым ешқашан ашылмайды» деп сендірген еді. Оның үстіне сол уақыттарда жеке өмірімде басқа да қам-қарекеттер көбейіп кеткен соң, қай-қайдағы нәрсені ойлауға шамам болмады. Әйткенмен осы бір темір торға тоғытылғаннан кейін бәрі басқа арнаға түсті де кетті... Қараңғы қапаста тұңғиықтың тереңіне сүңгіп кетердей болып отырғанда, бауырымның елесі мені өзіне толықтай иемденіп алғандай, ол аз десең өлім жазасына кесілгелі бері, осы бір жанкешті жағдаяттар адам төзгісіз болып барады.
Камерада ешқандай айна жоқ, алайда әр кез жуыну үшін немесе моншаға барған уақытта мен су бетінен ағамның жүзін көремін. Тіпті сорпа құйылған тостақтың ішінен де оның үрейге толы көздерімен маған қарап тұрғанын байқағанда, жанымды қоярға жер таппаймын. Жарықпен шағылысатын әр бір заттар: ыдыс-аяқ, металлдан жасалған кез-келген құралдар, т.т. – бауырымның бейнесін кейде шамадан тыс үлкейтіп, кейде кішірейтіп, көз алдыма әкеледі де тұрады, әкеледі де тұрады. Түрменің терезесінен күн сәулесі түскен шақта, оны көлегейлеген көлеңкемнен де қорқатынды шығардым. Тіпті соңғы кездері өзімнің дене бітімімнен де сескенетін болдым. Себебі, ағамыз екеуміз қылдай айырмашылығы жоқ егіздер екенімізді ескерсек, дене бітімімізде де ешқандай ерекшелік жоқ екені даусыз.
Осындай азапқа шыдағанша, өлген артық. О, мен осы бір өлім жазасынан қорқады дейсіз бе?! Керісінше асыға күтіп отырмын. Бірақ аузын арандай ашқан ажалды арым таза күйінде қарсы алғым келеді. Әрине, аз да болса кешірім алып, жанымның жай тапқанын қалаймын. Тым болмаса соңғы сәттерімде жан азабынан айығып, бауырымның қорқыныш аңқыған елесінен құтылғым келеді... Қос жанарымнан аққан ар азабының көз жасын тыю үшін бір-ақ жол бар секілді: қолыммен істеген ісімді – мойныммен көтеру.
Әулие әкей, осы бір соңғы сөздерімді сот залында отырғандарға айту үшін қиындық танытпаңызшы, өтінем. О, сосын әйеліме де айтыңыз. Жалбарынамын. Сіз уәде бересіз бе? Алғысым шексіз. Ал, енді бәрін басынан бастайын...
Жоғарыда айтқанымдай, біз бауырым екеуміз - егіздерміз. Менің жамбасымдағы қалды есептемегенде, қылдай айырмашылығы жоқ біртуған бауырлар едік. Тек менің қалым арқылы әке–шешеміздің өзі әрең ажырататын. Меніңше, кімде–кім біздің қауға басымыздағы әр тал шаштың өзін санайтын болса, бірдей шығаратынына сенімім мол.
Кейіннен жымысқы әрекетімді іске асыру үшінде, осы бір ұқсастықтарымыз себепкер болады деп кім ойлаған?!
Мамыражай күндердің бірінде туған ағамды өлтіру жайлы ой басыма сап ете қалды. Ашығын айтайын, ішімді күйдірген қызғанышым болмаса, туған бауырымды ешқашан жек көрген емеспін. Әке–шешеміздің артынан қалған байлықтың басым көпшілігі үйдің үлкені болғандықтан, ағама қалды да, маған қайдағы жоқ қалған-құтқан соқыр тиындар ғана иелігіме өтті. Ал енді осыған қалайша ішің ашымайды?! Ең сорақысы, ақыр аяғында менің жүрегімнің төрінен орын алған ару мендік емес, оның қойнындағы қатыны болып шықты. Себеп: қыздың ата-анасы маған қарағанда ағамның қалтасы қалың екенін ескеріп, соған берген. Жеңгеме көңілім әу бастан бар екенін ол білмесе де, мен оны орынсыз қызғандым. Егерде осы оқиғаларға кімді кінәлайсың десе, ойланбастан әке–шешемді айтар едім. Қос бірдей перзентін алалап, жомарттық танытып бірінің қалтасына байлығының жартысынан астамын берсе, біріне бірнеше соқыр бақырлар ғана бергені, қалай?! Ақылға қонбайды. Ал енді ағамның отау құруына қатысты айтатын болсақ, дәулетті ағам өзінің әйелінің бұрынғы менің сүйіктім болғанынан хабарсыз еді.
Менің орнымда басқа біреу болғанда, бәлкім мұндай келеңсіз оқиға болмас па еді, кім біледі?! Сорыма қарай, мен байғұс қалай ақша жұмсау керектігін де білмедім. Тіпті менің өмірімде алға қойған мақсатым болды дегенге өзімнің де күмәнім бар. Құр сенделіп «шырылдауық шегіртке, ыршып жүріп ән салғанның» кебін кигенім тағы рас. Бәлкім ең ұлы күдіктің апанына түсіп кеткен уақытта, осы өмірдегі бар байлық пен бақытымның басқа біреуге өтіп кеткенін түсінген болармын. Шынымды айтсам, ең аяулы әке–шешем маған соқыр тиындар ғана қалдырды деп артық айттым. Олар маған да қомақты қаржыны мұра қылып тастап кеткен. Тек ол ақшаны мен көп ұзамай-ақ жаратып жібердім.
Ақырында ағамның алдына барып қолымды жаюдан басқа амал қалмады. Ақша сұрауым жиілеп кеткен соң, «осы бір жомарттығым ертең інімнің болашығына қиянатым тиіп кетеді» деп, маған көмек беруден үзілді-кесілді бас тартты. Үнемі келген сайын, ол маған «мен сені өмір бойы асырай алмаймын, бұл әдетіңнен арыл» деуінен таймады.
Міне, дәл осындай қалтамның түбін көрсетіп, құр қол қайтып келе жатқанда, басыма манағы ой сап ете қалды. Осындай жиіркенішті ойымнан арылғым келіп, мұны енді қайта ойламауға өз-өзіме серт еттім. Уақыт сырғып өттіп жатты. Бастапқыда бойыма үрей сыйлаған ой, енді соншалықты қисынсыз болып көрінбеді. Егерде аса сақтықпен осы ойымды жүзеге асырсам, ең алдымен ақшаны, содан соң сүйіктімді өзіме қайтарамын деп есептедім. Бірнеше күн бойы миымның түбін кеміріп жатқан осы бір ойды мың ойланып, мың толғанып, ақыры іске асыратын болып шештім.
Сіз мені дұрыс түсініңізші, менің ағама деген һәм оның жеке басына деген ешқандай өшпенділігім болған емес. Туғаннан эгоист жігіт байлық пен бақытты қалай да болсын қолына түсіргісі келері анық. Ал, мен тек эгоист қана емес, қорқақ та едім. Себебі, ойға алған жымысқы әрекетім маған қандай да бір қауіп тудыратын болса, мен оны өлсем де істемеспін. Бірақ ағамды өлтіру үшін «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп, тәуекелге бел байлауыма тура келді. Қалай болғанда да мен осылай жасауға тиісті едім.
Содан мен жымысқы әрекетімнің қалай, қандай болатынын жоспарлай бастадым. Ең бірінші оның отбасында өз-өзін қалай ұстайтынын және қалай жүріп-тұратынын бақылау үшін ағамның үйіне жиі бас сұғатынды шығардым. Қолымнан келгенше титтей де іс-қимылын назардан тыс қалдырғаным жоқ. Тіпті жуынып болған соң сүлгісін қай жерге, қалай ілетініне дейін білетін болдым.
Араға ай салып осы бір ойға алған ісімнің алғышарттарын дайындап алған соң, мен ағама «енді өз нәпақамды өзім табамын» деп, және сол үшін Кореяға кететінімді айттым. Менің қаңғып жүрген сүрбойдақ екенімді ескерсек, бұл әрекетім ешқандай күдік туғызбады. Ағам болса бұл ниетімді қолдап, енді өмірге деген көзқарасымның дұрысталғанын айтып, қуанышын білдірді. Алайда менің ішкі «менім» бұл қуанышты бейне бір «мойыныма мінген масыл інімнен құтылатын болдым ғой» деген ойды айтып тұрғанын дәлелдегісі келіп әлек. Қалай болғанда жолға шығар алдында ағалық қамқорлығын білдіріп маған домалақ сөмкесін сыйлады.
Ойға алған мақсатымды орындау үшін, бір күнді белгілеп, ағам мен жеңгемнің шығарып салуымен Токио вокзалына келіп, Симоносэкиге бағытталған пойызға отырдым. Пойыз мені құшағына қысып алды да, аяғын сылтып басып жолға шықты. Мен кеттім. Ең бірінші тоқтаған Ямакита аялдамасынан түсіп қалып, қарсы беттегі пойызға отырып, кеткен жеріме қайта оралдым. Ағам мен жеңгем мені кетті деп ойлады.
А, айтпақшы, Ямакитеден түскен сәтімде, бекет маңындағы әжетханаға кіріп, жамбасымдағы қалды бәкімен кесіп тастадым. Енді менің ағамнан еш айырмашылығым болған жоқ. Ол – мен, мен – ол болдық та қалдық.
Пойыз менің жымысқы әрекетімді білгендей-ақ таң қылаң бере Токиоға ат басын тіреді. Ағам үйіне киіп жүрген матасы мен суретіне шейін бірдей алдын ала дайындап алған кимононы киіп алдым да, (тек кимоно емес, ағамның көйлек-көншіктері, белбеулері мен аяқ киіміне шейін бірдей қылып дайындап қойған едім) ағамның үйден шығатын уақытты есептеп, сол маңайға жеттім. Содан соң айналадағы адамдардың назарын өзіме аудармас үшін ақырын ғана қақпадан секіріп, бақшадан бір-ақ шықтым. Әлі үйдегі адамдардың оянбағанын білгендіктен, маған қорқудың еш қажеті болмады. Еш кедергісіз бақша шетінде тұрған ескі құдыққа келіп аялдадым.
Осы бір қолданыстан шығып қалған ескі құдық менің жоспарымның бір бөлігінде ойып тұрып орын алған болатын. Ағам да бір жаман оқиғаны сезгендей-ақ, осы бір суы тартылып қалған арыстанның апанындай үңгірді топырақпен бітеп тастаймын деп жүрген еді. Тіпті бақташының қолы босай салысымен құдықты көму үшін арнайы топырақты да әкеліп қойған болатұғын. Бірақ мен «Корея сапарының» алдында ғана бақташымен тапсырылған істі осы бір қылмыстан кейін ғана орындауын өтіндім. Жо-жоқ, бақташы бұл қылмыс жайында ештеңе де білмеді.
Мен бақша бұрышына барып тығылдым да, күте бастадым. Бірер минуттардан соң менің туған бауырым осы бақшада болуға тиіс. Себебі ол күнделікті таңертең бақша ішінде серуендеуші еді. Ал менің жүйкем сыр бере бастады. Саусақтарымның ұшына дейін дірілдеп, байыз табар емеспін. Қолтығымның астынан суық тер жықпылданып, өз қолдарымның өз еркіме көнер емес. Енді туған бауырымды жер жастандыру оңай деймісің... Дәл осы аралықты уақыт маған ғасырдан ұзақ сәттерге созылып жатқандай көрінді. Әйтеуір үш сағаттан артық торуылдап тұрғандаймын. Кенет, баяу ғана ағаш сандалидың әндеткен дауысын естідім. Және бұл ән маған таныс. Иә, бұл менің ағамның жүрісінің дыбысы еді. Осы дыбысты естігенде ойыма ең бірінші оралғаны - бақшадан қарғып түсіп, алды-артыма қарамастан қашып кету. Бірақ өз-өзімді барынша жинақтап, ойға алған мақсатымды орындау үшін ешқайда қашу керек еместігін айтумен болдым.
Ағам мен жасырынған тұсқа теңескен сәтте торуылдан атып шығып, оның артына тұра қалдым да, мойынына жіпті іліп, қылқындыра бастадым, қылқындыра бастадым... Демі тарылып, әлсірей бастаса да, ақырғы сәтінде қаскүнемнің жүзін көргісі келіп артына қарауға талпынып әлек болды. Ал мен оған жол бермедім. Бірақ мойынындағы жіптің өзі оның тілегін орындағысы келетін сияқты шамасы... Жанарынан ең соңғы өмір ұшқыны сөнбей жатып ол маған басын бұрып үлгерді. Ағамның жан тапсырар алдындағы ісіне сұрланған жүзін, адам танымастай өзгерген кейпін өмірімнің соңына дейін ұмытпайтын шығармын. Көз алдымда кеше болғандай самсап тұр. Өмірді шексіз сүйетінін білдіргісі келгендей, денесі ең соңғы рет дірілдеді де, жерге гүрс ете қалды. Осындай «үлкен» істен кейін ағамның жаны алақанымда қалып қалғандай тастай болып ұйып қалды. Бастаған ісімді аяғына дейін жеткізу үшін алақанымды ысқылап біраз уақыт құртып алған сияқтымын.
Сүйретіліп жүріп, туған ағамның өлі денесін манағы құдықтың ішіне лақтырып жібердім. Сосын жанында тұрған тақтайшамен құдықты көме бастадым. Бәлкім, құдықты көму үшін әкелген сол топырақ өзінің көзіне құйыларын білген жоқ шығар, байғұс ағам.
Егерде кез–келген жолаушыға сыртымыздан керемет қойылған көрініске көрермен болу бақыты бұйырса, адам шошырлық іс-әрекетті көре тұра өз-өзін ұстай алмасы анық: үстіне үйде киетін кимоносын киген бәзбіреудің денесі екіге жарылып, бірі екіншісін буындырып жатыр деп ойлаушы еді.
Міне, мен осылайша бір ана мен бір әкеден туған ағамды өлтіріп, арқама ең ұлы күнәні арқалаған болып шықтым. Сіздің ойыңызша, Әулие әкей, мендей құлыңыздың әлемдегі ең жақын адамына қол жұмсауы ақылға қонымсыз шығар. Қайтемін, сіздің түсінбейтін жөніңіз бар. Бірақ бір сәтке болсын өзіңізді менің орныма қойып көріңізші.
Менің осындай жымысқы ойға барғаным: дәл осы біздің бауыр болғанымыздан кейін ғой.
Кей күндері сіздің басыңызға осы бір жақын адамдарды махаббат емес, өшпенділік сезімі байланыстырады деген ой келмей ме?! Келсе, сіз мені түсінесіз. Бөтен адамдарға қарағанда жақын адамдардың арасындағы бітіспес жауыздықтың бәсі жоғары екендігі жайында тіпті аз шығармалар да жазылған жоқ. Демек, мұндай қатігездікке барған ең алғашқы һәм ең ақырғы адам емеспін. Ал енді қылдай айырмашылығы жоқ қос бауырдың арақатынасы қандай болуы керек, сіздің ше?! Байлық пен бақытты оп-оңай қолға түсіру үшін істеген ісіме ешқандай іліп аларлық себеп болмаса да, осы бір ұқсастығымыздың өзі-ақ жетіп артылатын еді. Міне, дәл мендей қоян жүрек адамның еш қиналмай адам өлтіруіне себеп болған да осы – өшпенділік.
Ағамды жер қойнына тапсырып қойғаныммен де, бәрібір қылмыс орнынан тез кете қоймадым. Бәлкім, қимаған шығармын... ол жағы белгісіз. Жарты сағат өткеннен соң қызметші әйелдің жол сілтеуімен жалғыз аяқ жолды кесіп өтіп, бақташы мен жаққа келе жатты. Бойымды үрей билеп алғандай болды. Сол сәтте ең алғашқы рет маған ағамның рөлінде сомдауға тура келді. Сан саққа шашыраған қаңғыбас ойларымды бір арнаға тоғыстырып, ештеңе болмаған адам кейпінде әзіл айтқандай болдым:
– Ә, міне, бақташы да бес қаруын сайлап келе жатыр. Мен мұнда сізге қол ұшын берейін деп ойлап ем. Ха-ха-ха! Жарайды онда, сізге бөгет жасамайын – дедім де, ағамның жүрісін салып, асықпай ғана үйге қарай аяңдадым.
Әйтеуір, бәрі ойдағыдай болды. Жымысқы ойымды іске асыру барысында ағамның кіл болмысын, іс-әрекетін, айналасындағы адамдармен жақсы танысқаныммен де, оның күнделігі мен шағын кітапшаларына қолым жетпеп еді. Сол олқылықтарымның орнын толтыру үшін күні бойы ағамның жұмыс кабинетінде болдым. Ал кешке қарай мен ағамның рөлін сомдап қонақ бөлмеде емін–еркін жеңгеммен күліп–ойнап отырдық. Айтпақшы, оның әйелі – енді менің әйелім ғой. Тіпті күн ұясына батып, түн өзінің қара шәлісін жамылған уақытта бар күш-жігерімді жинап, «әйеліммен» бірге жатын бөлмеге бас сұғамын деп шештім. Ал онымен жыныстық қатынасқа түсуді ойлауға, шыны керек, батылым бармады. Себебі, бұл жағынан ағамның түндегі іс-әрекеті маған белгісіз еді. Бірақ бәрібір белгілі болған күннің өзінде де, өшкен үміттің ұшқыны жүрегімнің түбінде қайта жанары екіталай еді. Өйткені ол ешқашан менің ең нәзік сезімдеріме жауап қайтарған емес. Сонымен, бойымдағы бар қорқынышты иектеп, «әйелімнің» жатын бөлмесінің есігін аштым. Маған бұл жолы да сәттілік серік болды. Менің «құдай қосқан қосағым» ешқандай айырмашылықты сезбей қалды. Сөйтіп мойыныма қан жүктеп қана қоймай, тағы бір күнәға баттым. Мен зина жасадым.
Осы жағдаяттардан кейінгі өткен алғашқы жылдарыма ешқандай өкпе арта алмаймын. Әр күнім әр ғасырға бергісіз керемет өтіп жатты. «Әйелімнің» бақыттан басы айналып жүрді. Тек ағамның рухы артымнан кезіп, тыныштық бермеді демесең, менде бақыт деген дүниенің қабырғасын қалайтын заттардың бәрі болды: ақша және аңсаған әйелім.
Әйткенмен осы бір іш пыстырарлық отбасылық өмірден де жалыға бастадым. Содан өзімнің бұрынғы әніме салып, көше кезген өміріме қайта оралғым келгенін жасырудың қажеті жоқ шығар. Бір жыл өтер–өтпес уақыттан кейін «әйелімнен» де суып кеттім. Өткен өмірімдегі жағымсыз қылықтарым қайта оралып, ырду-дырду әлемнің тереңіне сүңгідім де кеттім. Ағамнан қалған қомақты қаржыны оңды-соңды шашумен күндерім өтті. Ақырында қалтамның түбі көрініп, қарызға белшемнен батқанымда ғана есімді жинап алғандай болдым. Енді менің арқа сүйер ешкімім жоқ. Бұрынғыдай басымды салбыратып ағамның босағасында тоздырайын десем, өзім қазір «ағамның» орнындамын. Енді не істеу керек едім?! Тағы бір рет қылмысқа барудан басқа амалым қалмады.
Шынын айтқанда, бұл ой басыма алғашқысына қарағанда жылдам келді. Туған бауырымның жанын жаһаннамға жіберерде әр сәтімді бүге-шүгесіне дейін ойластырған болатынмын. Ал енді ағамның кейпіне еніп, сол кісіше өмір сүре алатын болсам, неге маған тағы бір қылмыс жасамасқа?! Қолымнан келеді ме? Келеді. Сіз мені түсінесіз ғой? Жоқ! Жарайды, онда мен сізге түсіндірейін. Өзіңіз ойлап қараңызшы, інісі Кореяға кеткелі бері ешқандай хабар жоқ. Енді Жапонияға оралған сәтте қанды қол қылмыскер атанып, адам өлтіреді, я болмаса үлкен сомадағы ақшаны жымқырады. Осы жағдайда барлығы інісін іздейді емес ме, ал ағасынан ешкім де күдіктенбейді.
Ағамның өлтіргеннен соң, мен келесі қылмыстарымды еш тартынбай жасай алатынымды айтқаным артық болмас.
Білесіз бе, әр күн сайын оның күнделігін қолдану үшін, оның жазуын айнытпай салуға тарысып бағамын. Күнделік жазу деген мен үшін тас көтергенмен бірдей сияқты еді. Бірақ ағамның өмір бойы күнделік қолданып өткенін ескерсек, шыдауға тура келеді, қайтем. Себебі, мен – мен емес, мен – ағамның орында өмір сүріп жатырмын ғой.
Әр күн дерегін жазып болған соң, мен оны алдыңғы ағамның «өз қолымен» жазған қолжазбаларымен үнемі салыстырамын. Бір күні кенеттен, парақтың бұрышынан сияның ізі жұққан саусақ ізін көріп қалдым.
Ішім мұздай сала берді: осының барлығын алдын-ала көріп-білмеген менің тарапымнан кешірілмес қателік болды. Осы уақытқа дейін ағам екеумізді бөлектейтін тек борбайымыздағы қал ғана деп ойлаушы едім. Мен жаңылысыппын. Бұл ғаламда саусақ таңбасы бірдей екі адам мүлдем жоқ. Мейлі олар егіздер болсын, саусақ таңбалары бөлек болатынын қалай ғана ұмыттым. Күнделіктегі саусақ таңбасын көрген соң, ағама жасаған істерімнің ашылуына осы бір айғақ кесірін тигізеді деп қатты қорқа бастадым.
Басқа бір параққа өзімнің саусақ таңбамды түсіріп, оны сатып алған лупа арқылы күнделіктегі ізбен салысту керек деп шештім. Бір қарағанға екі саусақ таңбалары да бір-біріне өте ұқсас болып көрінді. Бірақ әр сызыққа назар аударып, жөндеп қарайтын болсаң, кәдімгідей айырмашылық бар екенін байқауға болады. Одан қала бере мен «әйелімнен», қызметшілерден, барлығынан білдірмей саусақ іздерін алып шықтым. Олардікін лупасыз–ақ әншейін қараған күннің өзінде айырмашылықтары томардай болып көрініп тұрады. Сонымен, күнделіктегі саусақ ізі тек ағама тиесілі екені айдан анық болды. Қанша біз егіз болайық және саусақ таңбаларамыз ұқсас болғанымен, ол тек бір адамға тиесі еді. Ол – ағам.
Бәлкім бұл ағамнан қалған жалғыз саусақ ізі емес шығар. Бойымды үрей билей бастағаны соншалық, енді заттарының барлығын тексеріп шығуға тура келетінін басшылыққа алып, ағамның кітапханасындағы кітаптарын жеке–жеке парақтап, ол аз десең шкафтары мен жәшіктерінің асты–үстіне шығарып мұқият қарап шықтым. Бірақ еш жерден күдік тудыратын ештеңе таппадым. Енді ештеңеге алаңдаудың қажеті жоқ. Бар болғаны күнделіктегі сол бетті отқа жағып жіберу керек. Міне, сосын маған ешқандай қауіп төнбейтін болады. Көп ойланбай-ақ қарғыс атқыр сол парақты өртке тастай саламын дегенде, миымның түкпірімде бір ой жарқ ете қалды. Қайбір жақсы ой дейсің...
«Әр жаңа қылмыс жасаған сайын, осы саусақ ізінің үлгілерін пайдалансам, қалай болады екен, ә?!» деп ойладым. Бейнебір осы сөздерді құлағыма ібілістің өзі сыбырлап кеткендей.
Мың ойланып, толғанып тағы бір қарақшылық іс істеу керек деп шештім. Ең алдымен «інімнің» Кореядан оралып, бағытсыз–бағдарсыз һәм бақытсыз өмірін сомдап шығу ақылға қонымды сияқты. Және бұл ешқандай қиындық тудырмайды. Себебі, бұл өзімнің образым ғой. Дәл осы уақытта мен екінші «менім» арқылы, яғни аға рөлінде жүріп, бәріне қамқор бола қаламын. Қылмысты жасап болған соң, қылмыс орнында ешқандай айғақтың қалмауын жіті бақылаймын. Бәлкім, осының өзі де жетіп артылар. Бірақ, сонда да менен күдіктенетін болса ше? Менің ол қылмысқа ешқандай қатысым жоқ екенін қалай дәлелдеп бере аламын? Міне, дәл осы уақытта туған бауырымның саусақ ізі көмекке келеді. Менің қылмысқа ешқандай қатысым жоқ екеніне, осы бір таңба жеткілікті. Полиция саусақ ізінің иесін өле-өлгенше іздеп өтсін мейлі, олар таба алмайды. Қалай тапсын?! Иесін баяғыда інісі жер жастандырып, істен шыққан құдыққа лақтырып жібіргенін, ол аз десең бетін топырақпен көміп, таптап кеткенін қайдан білсін?!
Осыны ойлағанда төбем көкке екі елі жетпей қалды. Мен енді өмірімді доктор Джекила мен Хайда мырза* секілді фантастикалық оқиғалармен жалғастыратын боламын. Осынау ойлар менің қуанышқа бөледі. Білесіз бе, мен өмірімде ешқашан мұндай қуанышты бастан кешіріп көрмеппін.
Дегенменде ол уақыттарда мен соншалықты тиын санап қалған жоқ едім, сол себепті жымысқы ойымды іске асыруға асықпадым. Кейіннен, ағамнан қалған қаражатты соқыр бақырына дейін жұмсап жібергеннен кейін, осы жаңа бір қылмысты ойластыра бастадым.Қалай болғанда да мұндай істен тәжірибем болғандықтан, танысымнан қомақты қаржыны жымқырдым да, артынан ағамның саусақ іздерін қалдырып кетттім. Бұл үшін маған осы таңбалардың үлгілері керек болды. Менің бұрында мүсінші болғанымды ескерсек, маған түк те қиындық етпеді. Енді маған үнемі ақша қажет бола қалған жағдайда осы бір сенімді тәсілді жие қолданатынды шығардым. Бір қызығы, мен қанша қылмыс жасайын, менен ешкім күдіктенген емес. Тоналған кісілердің көбі мұны жасаған «інім» екенін біліп, қолдарын бір сілтеп кетіп жатты, тіпті полицияға арыз жазбағандар да кездесті. Жазған күннің өзінде айғақтың жетіспеушілігімен іс жылы жабылып қалып жатты. Қылмыс жасау мен үшін еріккеннің ермегіне айналды. Қылмыс жасаған сайын жазадан құтылып кете беру көкірегіме нан пісірді. Ақырында сол өркекіректік түбіме жетіп тынды. Тағы бір адамның о дүниеге сапар шегуіне себепші болдым.
Бұл жайында сіз соңғы уақыттары қанық болған шығарсыз. Отыз иенді жымқыру мен кісі өлімін айтып отырмын. Иә, сол себепті қайталап жатудың қажеті шамалы шығар. Қысқасын айтқанда, мен қарызға белшемнен батып кеттім. Енді маған үлкен сомада ақша қажет еді.
Күндердің бір күнінде мен бір жақын танысымнан сейфінде бар байлығы жасырынып жатқанын естідім. Онысы осы – отыз мың иен. Кейіннен белгілі болғандай бұл–саяси компанияның құпия қаржысы болған ба, әлде осыған ұқсас бірдеңе еді, нақтысы есімде жоқ. Ал танысым мені өте ұқыпты һәм парасатты адам деп ойлаған болу керек. Әйтеуір, мені өзіне жақын тартып, ішіндегі бар сырын алдыма жайып салды. Ол осы бір әңгіме айтып жатқанда шаңырағында менен басқа жұбайы мен тағы үш қонағы болды.
Жоспарыма қажеттінің барлығын егжей–тегжейіне дейін анықтап алдым да, сол түні-ақ «інімнің» кейпіне еніп, танысымның үйіне ұрлыққа түстім. Ал «ағамның» бұл қылмыстан ақтап алатын өзіндік дәлелдері де дайын болатын. Ешқандай қиындықсыз–ақ сейф тұрған бөлмеге оп–оңай жеттім. Қолыма қолғап киіп ап, сейфті ашатын құпия сандарды тере бастадым (ескі досына ағынан жарылған үй иесінен сейфтің құпия сандарын біліп алу оңайға түсті). Аузын айқара ашып, ішінде банкноттарды уыстап алып шыққан сәтім еді. Кенет, біреу жарықты қосып қалды. Мойын бұрып қарағанымда қасқайып үй иесінің тұрғанын көрдім. Енді маған не істеу керек еді? Қойынымнан пышағымды суырып алдым да, достық пейілі аңқыған жүрегіне сұғып алдым. Осы істің барлығына небәрі бір минутқа жетер-жетпес уақыт өтті. Ол еденде еш дем алмастан сұлап жатты.
Мен барынша оның өлгеніне көз жеткізу үшін мұқият қарап тұрдым. Бақытыма орай, өлген отағасының бала–шағасы оянған жоқ. Оянған күннің өзінде қорқыныштан тапжылмай сілейіп, қатып қалатын шығар. Қалтамнан саусақ таңбасының үлгісін алдым да, еденде жатқан өліктің қанына малып, қабырғаға жаға бастадым. Қылмыс орнында одан өзге айғақтары қалып қоймады ма екен деп бір шолып шығып, асығыс үйден қарамды батырдым. Келесі апта босағамды сығылап тергеуші келе қалмасы бар ма?! Зәрем зәр түбіне кеткендей болды. Әлде өткен апта адам өлтіріп, отыз мың иенді алып кеткенімді біліп қойды ме екен?! Жоқ! Мен өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдейтін айғағым бар. Бәлкім, ол менің қорыққанымды сезбеді. Жөнсіз келіп тергеп жатқанына кешірім сұрап, жұмыс бабы мәжбүрлеп жатқанын айтып ақталып бағуда. Жүрегім орнына түсті. Сейфте қомақты қаржы бар екенін білетін барлық жақын достарынан мәлімдеме алып жатқанын айтты. Сосын мен күткендей қылмыс орнынан қаскүнемнің саусақ іздері табылғанын айтуды да жөн санапты.
Қысыла, қымтырыла менен саусақ таңбамды алсам бола ма деп өтінді. Ішімнен мырс етіп, тергеушінің бұл өтінішіне келісімімді бердім. Себеп: сейфтегі ақша жайында менің де білетінім тергеушіге аян. Күдік туғызбас үшін қылмыстың қалай, қайтіп болғаны жайында бірнеше сұрақтар қойып, аяғында қапияда көз жазып қалған досымыздың жатқан жері жайлы болсын деп, өтірік қана қайғырып тұрғандай кейіп таныттым. Қоштасар сәтте полиция күдіктіні ұстау үшін қолынан келген бар мүмкіндікті пайдаланатынына үмітім зор екенін айтуды да ұмытпадым.
Ол есікті жауып үлгемей жатып, мен өзіме көлік шақырып, көңіл көтеруге дайындала бастағаным қызық болды. Кеше адам өлтірдім. Не болыпты?! Есесіне қалтам қалыңдап, банкноттарға толып шыға келді.
Араға екі күн салып әлгі із кезуші есігім тоқылдатып тағы келіп тұрды. Ә, бұл кісінің полиция қызметкерілері арасында беделі күшті, танымал құпия тыңшы екенін кейіннен білдік қой. Ештеңе болмағандай үйіме келген қонақпен босағада сөйлесуді әбестік санап, қонақ бөлмеге жайғастырдым. Дегенмен оның әлгі күнге қарағанда жүзі сұрланып, ол аз десең мені келеке қылып қарағандай болған соң, ішім бірдеңе сезе қойды. Бастапқы да өз–өзімді ұстап, дымымды білдіре қоймадым. Өте сабырлы қалыппен стөл үстіне бір қағазды қоя салды. Ал енді бұл не қағаз екенін ұғып көр?! Бәрі шатасып кетті. Бұл не қағаз? Әй, бұл дегеніміз – қамауға алынсын деген ордер ғой. Мен ештеңе түсіне алмай параққа тесіліп қарап тұрғанымда, із кесуші келіп қолыма кісен тақты. Ал есік алдында қарулы бірнеше полиция қызметкері тұр екен. Қарсылық танытудың еш реті келмеді.
Мені қараңғы қапасқа әкелді де, қамап тастағанын қарашы, енді. Бірақ сонда да үмітімді үзбедім. «Ақымақтар, бәрібір де осы қылмысты мен жасағанымды дәлелдей алмайсыңдар» деп ышқынып бағам. Ал енді мені алдымда қандай тосынсый күтіп тұрғанын ойлап көріңізші! Прокурор мені айыпты деп тапқанда, мен не айту керектігін де білмедім. Бұл қалайша? Саусақ таңбаларымыз сәйсек келмейді ғой. Неге бұлай? Демек, мен қандықол қылмыскер атанамын ғой. Осыны ойласам қарқылдап күлкім келіп кетпесі бар ма?!
Иә, сөйтсем мен шынымен оңбай қателесіппін. Бірақ бұған кім кінәлі? Әлде өлген ағамның қарғысы ма? Мен қалайша осыншалық ақымақ, түкке тұрғысыз қателік жібердім екен, а? Ағамның саусақ ізі деп жүргенім шындығында өзімнің саусақ таңбам болып шыққаны қалай? Сөйтсем саусағыма жұққан тушты сүрткен кезде күнделікке жағылып қалған өзімнің таңбам екенін білсемші!.. Ақырында, қағаздағы саусақ ізі өзімдікі болып шықты. Ал фотография тілінде мұны – негатив дейді екен.
Бастапқы да осы айтылып жатқан істің бәрі мен үшін мағынасыз болып көрінді. Мен бұлай болуы мүмкін емес деп мойындаудан бас тарттым. Бірақ дәл осындай қылмыс жасаған алғашқы қылмыскер мен емес екенмін. Дәлел ретінде прокурор маған бір оқиғаны айтып берді.
1913 жылы Фукуоке қаласында тұтқындағы неміс лейтенантының әйелін озбырлықпен өлтірілген еді. Күдікті ретінде бір кісіні ұстаған көрінеді. Барлық айғақ–дәлелдер соны кінәлі деп табады. Алайда саусақ ізінің таңбасын алу нәтижесінде қылмыс орнындағы ізбен ұқсас емес екендігін анықтайды.
Іс тығырыққа тіреледі. Амалы қалмаған полиция қызметкерлері сарапшы ретінде медицина профессорын шақырады. Және профессор екі саусақ таңбасының бірдей екенін дәлелдеп береді. Дәл менің іс-әрекетіме ұқсас, ол қаскүнем де қылмыс орынына негативті саусақ ізін қалдырып кеткен екен. Сарапшы қос саусақ ізін суретке түсіріп алды да, ақ сызығын қараға, қара сызығын аққа бояп еді, екеуі бір-бірінен айнымай шыға келді. Нәтижесінде, қос саусақ таңбасы бір адамға тиесілі болды. Бәлкім, сол уақытта ол қаскүнемде мен сияқты өз саусақ ізімен өзі әуре болып жүрген шығар, кім білсін?!
Міне, Әулие әкей, осымен бәрі бітті. Алтын уақытыңызды алғаным үшін кешірім өтінем. Маған берген уәдеңізде тұрып, судьяға, сот залында отырғандарға, сосын «әйеліме» менен естігеніңіздің барлығын жеткізіңізші. Жалынып сұраймын. Мен сол уақытта ғана жаным жай тауып, өлімді тік тұрып қарсы аламын. Ажалды пендеңіздің ең соңғы тілегін орындағыңызшы, Әулие Әкем, өтінемін сізден...
Аударған: Файзулла ТӨЛТАЙ
*Доктор Джекила мен Хайда мырзаның таңғажайып оқиғалары» -Роберт Стивенсонның (1850-1894) философиялық повесті. Адам бойындағы жақсылықпен жамандық жайында. Доктор Джекил өзінің жаман қылықтарынан арылғысы келіп, адам бойындағы нашар қасиетті нақтылы көрсету үшін лаборатория салады.
Ұқсас жазбалар: