Кез-келген шығармашылық адамының бір сарыннан екінші сарынға ауысатын кезі болады. Оның дәл қазіргі өлеңдері трансформациялық кезеңнің туындысы десек болар. Ақынның өзін іздеу мен шығармашылығын шыңдаудағы әрекеті оң нәтиже беріп келеді деп айта аламын.
Жаңа форма іздеп, қалыпқа салынған ой шеңберінің сыртына шығу талпынысы – оның дәл қазіргі сәттегі басты миссиясы. Өлеңі өр рухты және сол мезетте нәзіктік пен адами жылу сезімдерінің синтезінен құрылған шығармашылық туынды. Қасірет пен мұңға тиесілі қалың ойдың қасиетсіз, жұтаң заман санасына қарсы шарасыз бейнесі. Оның шығармашылығына маңғыстаулық жырдың, сопылық мәдениет пен діни аңыздың содан кейінгі қалалық ырғақтың әсері тигені анық. Бұның бәрі синтезделіп, бір ақынның бойынан бір өлең болып шықса, біз жаңа сарындағы туындыны көре аламыз. Бірақ дәл қазір бұл процесстің енді басталғаны көрініс табады.
Шығармашылық өте ұзақ қалыптасатын дүние. Оның сәруәр сезімі ақынға әсер ететін сыртқы мәдениеттер мен табиғатына дейін қабысып, нағыз өнер туындысына айналуы ғажап емес. Еділбектің шығармашылық әлеуеті мен қазіргі ізденісі оның дәл осы жолдағы алғашқы қадамдары деуге келеді және эстетикалық кеңістігі әлі де өзгерері сөзсіз. Белгілі бір шеңберден шығу үшін алдымен сол шеңберге кіру керек. Бірақ «Велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ.
Абзал Сүлеймен
***
Бұлт ішіндегі Ай-
Жұмыртқа қуырылған.
"Түн" деген қара табада тұрып-тұрып дымы құрыған.
Төменде, селеу байғұс тамырынан бөлінгісі кеп,
Сыңсиды Тəңірге жалынып.
Тəнін суық ұрған...
Жанын суық ұрған-
Құдайы үндемегесін.
"Желге еріп қаш!"-дейді, айтып күлге кеңесін.
Біз де күл секілдіміз, нəпсі-хайуанды,
Сəт сайын үстімізде аунатып жүрген елесін.
Өзгермейтін көрге кіргенше, Пенделік! Жаса!
"Періштелер" түсінбес мұны, біз секілді көрген ұқпаса.
Сағат үні - Əзірейіл өкшесінің дыбысы секілді,
Мықты болсаң, Желге еріп қаш, ал!
***
Ай арылттым...
Жыл жеңілттім...
Жол қарап,
Тұнжырайды төбемдегі Ай қорғалап.
Қара тасқа тамып жатыр тағдырым,
Жапырақтың жанарынан сорғалап...
Жапырақтай жүрегің бар гүл-еркем,
Өзіңді ойла!
(мені қойшы... күнелтем...)
Балпаң басып, балағына сүрініп,
Күз келеді күні ертең...
Мұңды тыным.
Түн- күпінің ілгегі
шешілмепті.
Ашылмапты бүрлері.
Жұлдызы жоқ не бір буаз айы жоқ,
Сонша соқыр түн бе еді?!
Сарсылтты ғой...
Қашан атпақ таң сығыр?
...Қырық бір тас санап отыр балшы қыр...
Тылсым тұнған таңдайына түнектің,
Тамып кетті тамшы нұр...
Тұршы, таң атты!..
КАСПИЙ. ҚЫЗЫЛІҢІР
Бұрынғы өмір.
Бұрынғы ауыл.
Бұрынғы ән...
Бұрынғы Күн, көкжиекке тығылған.
Жөргегінен аунап түсті жүрегім,
Уақыттың уысына ұрынған.
Толқып...
Тасып...
Симай сезім арнаға,
Маған бейне қарайтындай маңдана:
Секпіл құмы табанымнан сүйетін,
Селеу басы зікір салған сардала.
Көктем кешіп...
Көңіліме ем іздеп,
Ойсыздықтан болмақ едім желі үзбек.
Әлденені ұқтыра алмай жатқандай,
Көбікауыз, көпіреді теңіз кеп.
(Ұғынғанға, жартас болу- бұл бір бақ,
Аймалайды... теңіз салған мұңлы ырғақ)
Бала қайлар*- балақайлар секілді,
Балағыма оралады былдырлап...
Табиғаттың мынау тұмса қалпынан,
Уыз самал есіп тұрды аңқыған...
Өрекпіген көңілімнің өңіндей,
Каспий жатыр, қызыліңір шарпыған...
-------------------
* қай- толқын
ҚҰЛАЗУ
...іңір ұзақ жылады...
бұйра бұлтқа бет басып...
Ғаршы кетті
ақшамғы азан даусы көкті асып
Əлмисақтан ғұмырдың баян етіп "бір кемін"
Ай қадаған басына
күбірлейді кіл қорым
Əруақ жылап...
Ай құлап...
Кіл көйіншек-көрт үріп
Əскеріндей шайтанның бұлттар келер жөңкіліп...
...Сонда да Көк көндігер
келген бұлтқа шеп тартып
(Баратады қиялда қарғыс тиген оқ қалқып)
Түн келеді содан соң...
Шұрық тесік жейдесі
Ол дегенің- қоғамның бояуы аққан бейнесі
Бармақ басып ойнадың жаным түйген жеріме,
ӨЗЕН сынды өртенген өзегімнің емі не?
...Іңір ұзақ жылады
Күрең шашы көк тіліп...
Табандардың астында қыңсылайды Тектілік...
...Іңір ұза-а-а-а-ақ жылады...
ТҮН. МЕЛАНХОЛИЯ
(Диптих)
І
Терезенің маңдайынан жел өбіп,
Кәрі сағат қағады үнсіз таңдайын.
Көкке қарап көк-сұр ернім кеберіп,
Мен отырам жындысүрей жандайын.
Есімді алып он бесінен толған ай,
(Жұлдыз біткен: бөтелкенің сынығы)
Уға айналған Үмітсің деп қойғаны-ай,
Құлақтағы Періштенің күбірі.
«Айырмаң жоқ. Сен де мендей ғаріпсің!»,-
дейді ессіз түн құшағына бойласам.
Басынан бұлт домалаған алып шың
Ол да бір күн шөгетінін ойласам...
Зарым төксем, тыңдайтындай мені ұйып,
Сабыр ғана ұстап тұрған сан асқар.
Маңдайына Ай ілген түн мөлиіп,
Айға қарай ұмсынады ағаштар...
ІІ
Жанымның үндері жазылды ерінде,
Жүрек бетінде жорғалай...
Байғұс әжемнің әжімдеріндей
Менің ғұмырымның жолдары-ай
Пиғылын көріп залым, сұмдардың
Ұғындым жарым мименен:
Шыршалар менен самырсындардың
Ғұмыры маған тимеген!
Сенерім- Өлең! Көрерім- Өлім!
(Қалмаспын таза пішінде)
Тозаққа барғым келеді менің,
Жұмақты сүю үшін де...
Жастықты жас өлер зират қылғаннан,
Жабыққам...
Жан жоқ санасар.
Бұйығы тартқан бұйрат құмдардан,
Бұлаң жол іздеп адасар...
Тамырымды қуып шұбаланған жыр,
Шарасыздық күйін билеп тұр...
Маған қосылып жылаған жаңбыр,
Топырақтың тәнін түйреп тұр...
...Менің жанымның хәлін кешкен топырақты аядым...
Ұлт порталы