Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шекарасынан 100 мың доллардан көп соманы алып өтерде шекара декларациясын толтырып қана қоймай, ақшаның қайдан келгені туралы құжатты да ұсыну қажет. Ереже 4 ақпан, яғни бүгіннен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ресей Федералдық кеден қызметінің сайтына сілтеме жасап.
Қаражаттың қайдан келгенін растайтын құжат ретінде шоттан ақша алғаны туралы немесе несие алу туралы банктен берілген анықтамаларды пайдалануға болады. Сонымен қатар, келісім жасау, мәселен мұраға алғанын немесе сыйға тартқанын растайтын құжатты ұсына алады.
«Қажетті құжаттарды көрсетпеген жағдайда ақшаны ЕЭО шекарасынан алып өтуге жол берілмейді», - делінген мәтінде.
Бұл шаралар терроризмді қаржыландыру және заңсыз жолмен алынған қаржымен күресу үшін қажет. Бұл норма құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіретін ЕЭО елдерінде жүзеге асырылады.