Фото:WNG2024 telegram
2024 жылғы 13 қыркүйек күні сағат 16:00-де Астана қаласындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Жабылу салтанатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары, сонымен қатар танымал қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Қарақат Әбілдина, Қайрат Баекенов, Гүлсім Мырзабек, Марат Айтымбай, Мади Сыздықов сынды орындаушылар бар. Шара барысында эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармалары орындалады.
Салтанатқа «Наз» мемлекеттік би театры, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, Қырғызстаннан келген «Қамбарқан» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, сондай-ақ «Меломен» тобы қатысады.
Әр екі жыл сайын өткізіліп отыратын бұл шара көшпелі халықтардың этникалық спортын және мәдени мұрасын насихаттауға арналған. Көшпенділер ойындары арқылы ұлттық бірлік, ізгілік пен мейірімділік құндылықтары дәріптеліп, көшпенділер мәдениетінің жаһандық маңызы көрсетіледі.
Биыл дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы келді. Қазақстан құрамасынан 261 спортшы қатысып, көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатыр. Медальдің жалпы саны – 581 дана. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша көш бастап тұр.