Допинг қабылдады деп айыпталған қазақстандық спортшыларды сыйақылары мен пәтерлерінен айырмайды. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министр Сәкен Мұсайбеков баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.
"Осындай жағдай болды, енді не істейміз? Көнеміз. Ал сыйақылар мен пәтерлерге байланысты бізде тартып алатын ереже жоқ. Спортшы допингпен ұсталған жағдайда бұрындары алған сыйақыларынан айырылады деген ереже жоқ", - деді вице-министр.
Алайда вице-министр бұдан былай допинг қолданғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. "Біз қазір парламентте дене шынықтыру бойынша заңға өзгеріс енгізгіміз келеді. Допинг қолданудың жазасын қылмыстық жауапкершілікпен байланыстырсақ дейміз. Жаза спортшыға, бапкерге, дәрігерге, осы препараттарды жеткізген адамдарға қарастырылады. Өздеріңіз түсініп отырсыздар, жарияланған препараттар өте қауіпті. WADA 10 мыңға жуық препаратты жария етті, оны спортшылардың қолдануына тыйым салынған. Сондықтан спортшының айналасындағы адамдар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сот кімді айыпты деп таныса, сол жазаланады", - деді Сәкен Мұсайбеков.
Еске салайық, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза Олимпиада медальдарынан айырылды. Олар Лондон Олимпиадасында өз салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған болатын. Жақын арада Подобедова, Чиншанло және Манеза алтын медальдарды қайтаруы тиіс. Олардың қатысқан жарыстары қайта қаралатын болды. Сонымен қатар, Осыған дейін ХОК Олимпиада-2008 ойындарының күміс жүлдегері Таймураз Тигиевтің медалін қайтарып алған болатын. Рұқсат етілмеген заттар қайта тексерілуден кейін анықталған, ХОК WADA-мен бірге бұл тексерістерді осы жылдың басынан бастап өткізіп келеді.
"Бұл чемпиондардың бәрін мазақ ету" - деп мәлімдеме жасаған болатын ҚР Ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ни допинг дауы туралы.