Халықаралық Олимпиада комитеті 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында допинг пайдаланған спортшылар тізімін жариялады. Олардың қатарында қазақстандық 5 спортшы бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Массагет порталына сілтеме жасап.
ХОК-тың ресми хабарламасынды «қара тізімге» ұзын саны 16 спортшы енген. Оның 11-і жүлдегерлер қатарынан көрінген.
Қазақстандық ауыр атлет Ирина Некрасова (күміс) мен Мария Грабовецкая (қола), еркін күрестен Әсет Мәмбетовтің (қола) допинг қолданғаны бірнеше күн бұрын белгілі болған еді. Бүгін бұл қатарды ауыр атлет Владимир Седов (төртінші орын) толықтырды. Сондай-ақ Майя Манезаның да допинг қолданғаны ресми түрде хабарланды.
Допинг пайдаланғандар қатарында Ресейден 4 спортшы (Хасан Бароев – күміс, Хаджимурат Аккаев – қола, Дмитрий Лапиков – қола, Елена Слесаренко – IV орын), Украинадан 3 спортшы (Денис Юрченко – қола, Наталья Давыдова – қола, Вита Паламарь – V орын), Әзірбайжаннан 2 спортшы (Низами Пашаев – V орын, Виталий Рахимов – күміс), Беларусь ( Ирина Кулеша – IV орын) және Грекия елінен (Хрисопия Деветци – қола) бір-бір спортшыдан бар.
Айта кетейік, осыған дейін Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза да 2012 жылғы Олимпиада медальдарын кері қайтаратын болған еді. Сондай-ақ, балуан Теймураз Тигиевтің допинг қолдануына байланысты Бейжің Олимпиадасындағы күміс жүлдесінен айырған еді.
Алдағы уақытта ХОК қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин мен Алмас Өтешовке қатысты шешімін шығаратын болады.