28 қаз, 2017 сағат 15:19

«Домалақ ана» кесенесі жанынан қонақ үй кешені ашылды

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана» кесенесі жанынан жаңа қонақ үй кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, лентасын қиды. Салтанатты шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның киелі жерлерінің картасын әзірлеу тапсырылған болатын.  Аталған жоба аясында өңіріміздегі бірқатар қасиетті жерлерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынды. Солардың бірі - «Домалақ ана» кесенесі бүгін қайта жаңғырып, келушілерге жаңа қонақ үй кешенін ұсынып отыр. Жалпы қазақ халқы үшін Домалақ ананың орны бөлек. Ендеше, жаңа кешен, кесененің жаңғыруы құтты болсын!», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ана рухын құрметтейтін жанашыр азаматтардың  демеушілігімен бой көтерген кешенде зиярат етушілерге барлық жағдай жасалған. Онда қонақтарға арналған жатын бөлмелер, асхана, киіз үй пішіндес орындықтар мен өзге де тұрмыстық ғимараттар бар. Қонақ үйді аралап көрген өңір басшысы алдағы уақытта «Домалақ ана» кесенесіне зиярат етушілердің қатары арта түсетініне сенім білдірді.       

Айта кетейік, Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жобасы аясында ОҚО-да 104 киелі орынның тізімі жасақталған болатын. Оның 17-і республикалық маңызы бар тізімге енгізілген. «Домалақ ана» кесенесі солардың бірі және бірегейі саналады. Кесене Қаратаудың күнгей бетінде, Балабөген өзенінің аңғарында орналасқан. Домалақ ана, яғни Нұрила Әли Сыманқызы  - халқымыздың абыз аналарының бірі саналады. 1456 жылы Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді ұстаны алдыртып, алғаш рет кесене тұрғызған. Одан кейін кесене бірнеше рет бұзылып, қайта жөндеуден өтті.  Бүгінде еңсесі биік зәулім ғимарат күннен күнге көркейіп келеді.  Жаңадан пайдалануға берілген   «Қонақ үй кешені» болашақта осында келетін туристер санының артуына ерекше серпін бермек.         

Бұдан бөлек, өңірімізде туризм саласын дамыту мақсатында тарихи орындарды қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама дайындалып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.  Мысалы, алдағы уақытта Қазығұрт, Ордабасы тауларын және ортағасырлық Отырар, Сауран, Сайрам, Сидақ, Мәртөбе қалашықтары мен Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, болашақта Сайрам ауданындағы «Ханқорған» археологиялық қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналатын болады.