Дінді оқыту адам, қоғам, ғалам туралы дүниетанымдық және философиялық сұрақтарға жауап іздеу болып келетіні даусыз. Білім берудің зайырлы жүйесінде дінтану пәнін оқыту қоғамда гуманистік және рухани-адамгершілік негіздерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Руханилық бұл тек діни іліммен ғана шектелмейді. Руханилық – философиялық және этикалық ұғым. Руханилық – бұл зайырлы моральдық ұстаным ретінде адамның рухани жан-дүниесімен, ішкі және сыртқы мәдениетімен байланысты айқындалады. Рухани болмысы биік мен рухани әлемі бай тұлға дінге бейтарап болуы мүмкін. Қазіргі таңда агностик не атеисттік ұстанымдағы адамды рухани дүниесі кемшін деген қате түсініктер кездеседі. Руханилық – зайырлы этикалық ұғым ретінде адамның жан және ар тазалығын айқындайды.
Исламтанулық білім беру мен тәрбиелеуде дінтану заманауи білім беру технологиясының мүмкіндіктерін және іске асыру тәсілдерін, әдістерін құралдарын айқындау үшін әдістемелік және педагогикалық моделдерді іске асыру қажет. Білім беру мазмұнында дінтану пәнін оқытуда зайырлылық қағидаты әдістемелік негіз болу керек. Бүгінде әлем елдерінің басым көпшілігінде мемлекеттік мектептер зайырлы мәртебеге ие. Зайырлылықтың тарихына үңілсек, тәуелсіз еліміздің зайырлылық қағидаты 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда бекітілген. Зайырлылық қағидаты қоғамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болу керек. Руханилық бұл болашақ ұрпақтың үйлесімді дамуының кепілі болуы керек. Сондай-ақ ол халықтың руханиятымен тығыз байланысты. Парасаттылық, имандылық, ізденгіштік, отансүйгіштік бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы. Исламтану гуманитарлық ғылымдармен тығыз бойланыста қарастырылуы тиіс. Исламтанулық білім беруде дінді кешенді және ғылыми тұрғыда түсіндіруге мән берілуі керек. Дін туралы теологиялық білім діннің шығуы мен дамуы туралы жүйелі білім береді. Исламтану оқу бағдарламасында міндетті пәндер құран ілімдері, тәпсір, хадис ілімдері, сира, фикһ, ақида ілімдері, мінез-құлық, діни уағыз және шешендік өнер, араб тілін қамтиды. Сонымен қатар, негізгі компоненттер – Қазақстан тарихы, философия, шет тілі және таңдау пәндері оқытылады. Оқу-тәрбие үдерісінде діни пәндермен қатар, зайырлы пәндерді оқыту адам және қоғам туралы білімді ұлғайтып, ұлттық пен азаматтық сананы қалыптастыруға үйретеді. Исламтанулық білім беруге қатысты ана тіліміздегі оқу-әдістемелік оқу құралдары мен оқулықтар даярлау мәселесі де өзекті. Зайырлы қоғам мәдениетіне сай медреселерге арналған сапалы дәріс пен семинар сабақтарының бірыңғай әдістемелік құралдарын шығару маңызды. Исламтанушы мамандардың жетіспеушілігінен туындаған жағдайға байланысты молдаларды аймақтық және жергілікті сұраныстарға сай арнайы даярлау орынды. Дін істері комитетінің дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта еліміздің мешіттерінде – 3800 жуық дін қызметкерлері жұмыс жасайды. Олардың 19 %-жоғары білімді, 27%-орта білімді, 54%-діни білімді жетілдіру курсынан өткен. Дін қызметшілерінің 7-8%-шет елдің діни оқу орындарын бітіргендер. Солтүстік және батыс өңірлерде исламтанулық білім беру курстарын ашу жолымен осы аймақтағы діни білімге құштар азаматтардың сұранысын өтейміз. Діндар әйелдерге арналған уағыз және тәрбие әдістерін менгерген діни білімді әйелдерді даярлау маңызды. Діндар қыз-келіншектерге медицина және дін, дін және ғылым,дін және құқық, зайырлы мемлекеттегі отбасылық құндылықтар мен бала тәрбиесі тақырыбында білім жетілдіруші курстар мен семинарлар, жазғы университеттер ұйымдастыру уақыт талабы. Діндар отбасында тәрбие алған жастарымызды зайырлы мәдени ұстанымға сай бағыттау отбасынан бастау алады. Діндар ата-аналар балалардың зайырлы қоғамдық ортада өзіннің білімі мен білігің толықанды ашып көрсетуіне барынша мүмкіндік бергені жөн. Томаға-тұйықтық бала психологиясына кері әсер етіп ортадан жатсынуға алып келуі мүмкін. Діни ортадан шыққан жастар қоғамның мүшесі ретінде қоғамдық ортамен үйлесімді өркендеуі тиіс. Сондықтан да Жолдаудағы: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет.
Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» [1] деген Елбасының тапсырмасы жетінші басымдықтың мәні мен бағытын айқындайды. Исламтану мамандарын оқытуда ең маңызды іс жаңа білім беру технологиясына және заманауи талапқа сай дін мамандарын даярлаудың тиімділігін артыратын жаңа бағдарламасын дайындау қажет. Бұл бағдарламада діни негіздегі радикалды идеологиямен уланғандарды тура жолға салудың діни және психологиялық әдістері жүйелі қарастырылуы тиіс. Заманауи терроризм философиясы және психологиясының әдіс-тәсілдерінің ақпараттық-коммуникация технологияларында қолданылуы дін қызметшілерінің ғаламторды пайдалану құзіреттілігін арттыруды болжайды. Сонымен қатар, теріс ағымдардың беделді мүшелерімен пікір-сайыс жүргізетін деңгейде құзіреттілікке ие дін қызметкерлерін даярлауда логика және риторика, мемлекет және дін, салыстырмалы дінтану, құқықтану пәндерінің өзіндік орны бар, сондықтан аталған пәндер еліміздің медреселерінің оқу бағдарламасына жүйелі түрде енгізілуін және оқыту әдістемесін бір ізге келтірілуі тиіс.
Исламтану мамандығы бойынша оқыту әдістемесін жүйелеп жетілдіру үшін исламтанушы және дінтанушы ғалымдар мен мамандар қатысатын республикалық деңгейдегі конференциялар мен семинарлар еліміздің ірі қалалары мен аймақтарында өткізілуі тиіс. Елімізде исламтану саласында жиналған тәжірибені кең түрде қолдану мен насихаттау діни білім беру сапасын жетілдірумен қатар, исламтану мамандығының ұстаздары үшін оқу-әдістемелік көмек болар еді. Дінтану бойынша үйретуші семинарлар мен конференциялар дінтану мамандығының ұстаздары үшін білім мен тәжірибе алмасу бағытында жасалған маңызды қадам осындай іс-шараларда зайырлы елімізде діни білім берудің мақсаты мен міндеттері, дінтанулық пәндер жүйесі, зерттеу әдістері, ұғымдары мен терминдері, баяндау мен дәріс жүргізу әдістемесі, мәдениет жүйесіндегі діннің рөлі, мемлекет және дін, радикалды діни идеологияға қарсы күрес әдістемесі туралы жан-жақты білім беру іске асырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерге арналған дінтанулық оқыту курстарын аймақтарда өткізу қажет.
Діни фанатизм мен көзсіз еліктеушілікке қарсы тұратын қалқан болатын діни мәдениет пен діни сана қалыптастыру үшін діни білім беру зайырлы тұрғыда берілуі керек. Елімізде ұлтаралық келісім, діни төзімділік мәдениеті мен өзара құрмет қағидаты орныққан. Дін адамның рухани әлеміне тыныштық беріп, адамның абыройы мен ар-намысын үйретеді. Әрбір адамның жан-дүниесіндегі келісім мен ішкі мәдениет бұл қоғамдағы адамаралық қарым-қатынас мәдениетідегі өзара түсіністіктің шарты. Әрбір адам парасатты және рухани дүниесі бай, рухы мықты болғанда ғана зұлымдық пен зорлыққа қарсы тұра алады. Сол себептен адам жанын тәрбиелеу және оның дүниетанымын қалыптастыру үшін әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани құндылықтарын тиімді қолдану маңызды болып саналады. Бүгінгі күнде еліміз үшін бейбітшілік пен келісімді сақтау маңызды. Сондықтан да дін қызметкерлері елімізде тіркелген діни бірлестіктердің діни сенімі туралы хабардар болуы керек. Өйткені, дін этностың ұлттық сана-сезімі мен рухани мәдениеті мен ұлттық рух ерекшелігін ашатын феномен. Еліміздегі діни білім беру орындары болашақ дін қызметкерлерін зайырлы мәдени ұстанымға,зиялылық пен ізденгіштік рухында тәрбиелеп, әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарына оң көзқарас қалыптастыруы тиіс. Дін қызметшілерін ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, діни мәдениетке баулу, өзге діндегілерге құрметпен қарауға, діндердің құндылықтық негіздерін терең түсініп пайымдауға,зайырлы ұстанымға сай қызмет жасауға құзіретті даярлау бүгінгі діни білім берудің мақсаты. Бұл діни білім беру жүйесі үшін өте өзекті болып табылады.
Зайырлы мәдениет және діни мәдениет ерекшелігін және жалпы адамзаттық құндылықтардың артықтығын, яғни діни және діни емес дүниетаным түсініктерінің біріктіруші және сұхбаттастық негіздерін төзімділікпен түсіндіру жұмыстары да маңызды. Исламтануды оқыту мазмұны мен әдістемесі зайырлылық пен төзімділік қағидаттары, ар-ождан, діни сенім бостандығы және ой-еркіндігі сынды еліміздің және халықаралық құқықтық құжаттар талаптарына сәйкес болуы тиіс. Исламтану мамандығын оқытуда заманауи ақпараттық-аналитикалық және оқу-әдістемелік негіздерге сүйену керек. Зайырлы қоғамдағы исламтанулық білімнің мақсаты – зайырлы мәдени жүйеге сай қызмет жасау мен діндар азаматтардың діни сұранысын өтеуді іске асыру.
Исламтану мен дінтану мамандықтары жастардың өмірлік және дүниетанымдық құндылықтарын қалыптастырушы, азаматтық позициясын айқындаушы, гуманистік құндылықтарын бекітуші рөл атқаруы қажет. Діни оқу орындарының түлектері еліміздің рухани қауіпсіздігі және ұлтымыздың діни тұтастығын нығайту жолына қызмет етуі үшін жан-жақты білімді болуы шарт. Исламтану және дінтану мамандындықтары оқыту бағдарламасында қазақстандағы ибраһимдік діндердің рухани мұраларын салыстырмалы тұрғыдан талдау еліміздегі дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға бағытталуы тиіс. Дәстүрлі діндердің қоғам өмірінде және ұлттардың рухани мәдениеті мен дүниетанымдық ұстанымдарындағы алатын орнын зерделеу имамдардың елдегі діни жағдайдың ерекшелігін танып білуіне жол ашады.
Әрбір діннің сенімдік ұстанымдары мен құндылықтарына құрметпен қарау, отансүйгіштік, төзімділік мұраттары мен ортақ құндылықтар жастардың санасына сіңіріліп, нақты бағдары ретінде зайырлылық қағидатының негізде оқытылуы қажет. Қазіргі дінтанулық және исламтанулық білім беруде деструктивтік діни ілімдер және олардың харизматикалық діни басшыларына қарсы күресе білетін заманауи құзіреттілік қалыптастыру да маңызды. Жат діни ағымдар мен діни фанатизмге қарсы тұратын ұстаным қалыптастыру осы исламтану мамандығының міндеті болып табылады. Дін экстремизм мен терроризм қауіпін адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екендігін жастарға байыпты және ғылыми тұрғыда түсіндірілуі қажет. Бұл 2013-2017 және 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты қабылданған мемлекеттік бағдарламада нақты көрсетілді. Әсіре діншілдіктің дүниетанымдық және әлеуметтік негізінің алдын-алу жолы жастарға тең мүмкіндіктер жасау жолымен олардың әлеуметтік әділеттілік пен теңдік құндылықтарының қоғамдық өмірде нақты іске асатының көрсетуіміз қажет. Елімізде қалыптасқан діни жағдайды ескерсек, жас ұрпақты Мәңгілік Ел құндылықтары негізінде тәрбиелеу, плюрализм мен түрлі діни сенімдерді уағыздаған миссионерлік және жат- ағымдар жағдайында өзіндік дүниетаным қалыптастыру және өз ой-пікіріңді айқындау, теріс ағымдарға күмәнмен қарау және сыни көзқарасты орнықтыру, адамзатқа ортақ құндылықтар мен ұлттық мәдениет құндылықтарды ардақтауды жас ұрпаққа қалай үйретеміз. Бұл міндеттерді шешу үшін дінтану және исламтану мамандығының барынша өзекті де тиімді концепциясын дайындаумен қатар,қазіргі өзгермелі заман талаптарына сай әдістемелік және шығармашылық ізденіске негізделген жаңа білім беру бағдарламасы және оқытудың инновациялық әдістемесін жасау жолдарын табу өзекті.
Діни білім беру әдістемесі тұлғаның рухани болмысын жетілдіруге және мәдениетін қалыптастыруға, діни білім жетістіктерін жан-жақты түсінуге, діни ілімдерді зерделеп, талдауға үйретумен қатар, басқаның мәдениетіне түсіністікпен қарауға, діни толеранттылық және дінаралық келісім ұстанымдарын сыйлауға тәрбиелейді. Дінтану және исламтану мамандығының түлектерін мемлекеттік қызметке даярлау мен тәрбиелеудің негізгі мақсаты -дін саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыты мен ерекшеліктерін түсіндіру болып табылады. Жоғары білім беру жүйесінде дінтанулық пәндерді оқыту зайырлы мемлекеттік қағидатқа тәрбиелеу,діни сауатсыздық пен діни төзімсіздіктің алдын алуға көмектеседі .
Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәтүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің діндар жастар да зайырлы мемлекеттік қағиданы, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және ата мұрасын қастерлеуі тиіс. Дін саласындағы мемлекеттік қызметшілер дүниетанымында және әдептік ұстанымында зайырлы және ұлттық қадір-қасиетінен туған киелі ұғым түсініктерін құрметтеуді қалыптастыру еліміздің қарқынды инновациялық-индустриялық тұрғыда жаңғыруын қамтамасыз ететін ұлттық мүдде мен азаматтық парызға адал дін мамандарын белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу болып табылады
Дін қызметкері бітім-болмысы мен мәдениетімен, үлгілі өмірлік дерегімен және зиялы ұстанымымен ерекшеленіп, ғылыми және діни-философиялық мәселелер төңірегінде пікір-талас жүргізе алатындай деңгейде болуы және дін саласындағы мемлекеттік саясатты терең түсінуі оның әлеумет пен діни қауым арасында беделді болуына оң ықпалын тигізеді. Дін қызметкерлері білімі мен білігін, құзіретін рухани тәлім-тәрбиелік іс-шараларда, діни төзімділік пен ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және түрлі лаңкестік және экстремистік, зиянды ағымдардың керітартпа ілімдерінің алдын алу мақсатында іске асыру тиіс. Қазіргі заманғы оқыту әдістемесі исламтану мамандығының практикалық маңызын ашумен қатар, интеллектуальды тұрғыдан тағылымды, оқып-зертеу үшін қызықты, дін маманы үшін берері мол рухани және зайырлы білім беруі қажет. Дін мамандары қоғам өмірі мен адамаралық қатынасты ізгілендіру үдерісінде өзіндік рөл атқарады. Діни мәдениет пен шынайы руханилық бұл маңызды гуманистік құндылық. Бүгінгі дін қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Заманауи имам ақыл-парасатымен, жеке мәдениетімен, рухани дүниесінің байлығымен, шығармашылық әлеуетімен, жауапкершілік сезімімен даралануы тиіс.
Дін ұстазы дін негіздерін зайырлы мемлекеттік құндылықтарға сәйкес салиқалы байыпты түрде түсіндіргені жөн. Имамның діни қызметі діндарлардың діни сұранысы мен рухани қажеттіліктерін толық қамтуы тиіс. Исламтану мамандығының студенттеріне адамзат өркениетіндегі діннің шығу тарихын және діни ілімдер мен ғұрыптар жүйесі жайлы, әлеуметтік институт ретіндегі діннің қызметін, қоғамдағы конфессияаралық қатынас мәдениетін қалыптастырушы төзімділік қағидаларын, дәстүрлі діндердің жалпыадамзаттық құндылықтарын, дін саласындағы мемлекеттік саясат, мемлекет пен дін, қоғам мен дін, дін мен дәстүр байланысы, дін және құқық, зайырлы мемлекеттегі діни ұйымдардың қызмет ету негіздерін оқыту зайырлы мемлекеттегі діннің қызмет ету аясы туралы толыққанды ғылыми түсінік берілуі тиіс. Еліміздегі ислам тарихын зерттеудің тарихнамалық және деректанулық әдістемелік ұстанымын заманауи талапқа сай жетілдіру үшін исламтанулық және теологиялық әдебиеттердің бірыңғай деректік жүйесін құрған жөн. Зайырлы білім беру жүйесінде исламтанулық білім беру мазмұның ислам діні мен діни ілімдік ерекшеліктерін оқытудың әдіснамалық өзегін ғылыми бағдар мен зайырлылық қағидаты құрайды. Діндер ілімі мен тарихын оқыту барысында нақты діннің сенімі мен ғибадатың, өркениеттік құндылықтарын және рухани мұрасын зерделеуде ғылымилық және объективтілікті ұстану қажет, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» [2]. Ел тарихындағы көрнекті дін қайраткерлерінің еңбектерін оқыту процесіне еңгізу ұлттық рух тамырын, ұлттық рухани мұрамызды егжей-тегжейлі танып білуге жол ашады.
Зайырлы қоғам мәдениетіне сай сапалы дінтанулық және діни әдебиеттер даярлау өзекті. Орта білім беру орындарына арналған «Қоғам және дін»оқулығын дайындауға мектеп педагогикасы мен психологиясын терең білетін білікті мамандарды тартқан жөн. Дін саласындағы мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желілерде хабарлама жазу, көпшілік алдында және БАҚ сөйлеу мәдениетін жетілдіру де өзекті. Мешіттердегі уағыз бейне таспаға жазылып таратылмауы керек. Зайырлы мемлекетте діни уағызбен ұлттық шешендік өнер мен руханиятты,діни ілімді терең меңгерген білімді және білікті дін қызметкерлері айналысқаны жөн.
Діни білім беретін оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын даярлаудың бірыңғай әдістемелік жүйесін құру және исламтанулық білім берудің әдістемелік тәсілдерін заман талаптарына сай жетілдіру де маңызды. Дін мамандарын даярлау адам, қоғам, дүние туралы философиялық – дүниетанымдық мәселелерді зерделеу және талқылаумен тығыз байланысты. Бұл мәселелерді қарастырғанда исламтану діни ілім құндылықтарын ғылыми түсіндіруге, философия,тарих,социология және жаратылыстану ғылымдар мұрасына, ғылым мен техника жетістіктеріне сүйенеді. Зайырлы қоғамда исламтану негіздерін оқытуда исламдағы түрлі ағымдардың және радикалды идеологияның ұстанымдарын салыстырмалы тұрғыда түсіндіру маңызды. Зайырлы мемлекетте дінтану және исламтану мамандығын оқыту міндеті діндар жастар дүниетанымында діндарлық пен зайырлы мәдени ұстанымды, гуманистік және рухани-адамгершілік негіздерді қалыптастырады. Исламтанулық білім беру мазмұнында діни және зайырлы мәдениет үндестігі, діни және зайырлы білім беру қағидаты оқытудың әдістемелік негізі болғаны жөн. «Шет елдерге діни білім алуға ұмтылатын жастарымыздың қатары көбейіп отырғандықтан, олардың дүниетанымы қалыптасып,діни білімі жеткілікті деңгейде толыққаннан кейін ғана шет елдерге діни оқу орындарына жіберілгені жөн. Алғашқы діни білім елімізде және дәстүрлі құндылықтар негізінде берілуі керек» [3]. Түркия, Мысыр, Сауд Арабиясы, Ливия, Йемен, Пәкістан, Үндістан, Малайзия елдерінде діни білім алған теологтар және имамдар зайырлы мемлекеттің дін саласындағы ұстанымдары мен қағидалары туралы , зайырлы мемлекетте уағыз-насихат жүргізу әдіснамасы, дін және құқық, зиялы әдептік ұстаным, мемлекет пен дін қатынасының нормативтік-құқықтық құжаттары бойынша терең ізденуі қажет. Мемлекеттік құрлысы мен идеологиясы әртүрлі шет елдердің діни оқу орындарын бітірген азаматтарымызды зайырлы еліміздегі нақты қоғамдық өмір шындығына сай қызметке баулу маңызды. Дінтану және исламтану мамандығының білімгерлері зиялылық имандылық, ғылымға құштарлық, отансүйгіштік, ұлтжандылық, әдептілік, ибалылық, төзімділік сынды қасиеттерімен дараланып, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды толыққанды түсініп, бұл олардың өмірлік жолдарында діни және зайырлы мәдениетті қатар ұстануына септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Әсіре діншіл топтарға қарсы діни-ағартушылық жұмыстың тиімді тәсілдерінің бірі өңірлердегі діни ахуалдардың динамикасы мен тенденцияларына ықпал етуші сыртқы және ішкі ықпал-әсерлерді анықтау дінтанулық және исламтанулық зерттеулер жүргізуде негізгі мақсаттардың бірі деп білеміз. Зайырлы мемлекетте дінтану және исламтану мамандығы қоғамның рухани жаңғыруына, діни сауаттылықты арттыруға, дін қызметкерлерінің беделін көтеруге және деструктивтік ағымдардың алдын алуға көмектеседі. Исламтану және дінтану мамандығын оқыту үдерісі болашақ дін саласындағы мемлекеттік қызметкерлердің бойына көркем мінезділік, сөз бен істің үйлесімділігі, имандылық, салауаттылық, зайырлылық пен зиялылық ұлттық дәстүр мен руханилық нәрін егіп, оларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ардақтауға үйретіп, ұлтаралық және конфессияаралық қатынас мәдениетіне,түпнұсқа әдебиеттермен жұмыс жасау мәдениетін меңгеруге, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні мен мұратын айқын түсіну мен діни уағыздың заманауи әдістерін игеруге бағыттап, діни экстремизм мен фанатизмге қарсы күресе білетін құзірет қалыптастыруы тиіс. Оқу орнының беделін көтеретін білімді де білікті түлектері екендігі айқын. Зайырлы мемлекетіміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаттын жан-жақты түсіне білетін және білімі мен білігін нақты шындыққа сай іске асыратын дін саласындағы мемлекеттік қызметкерлерді даярлау уақыт талабы. Ұлтымыздың тұтастығы мен бірлігі – жеңістеріміздің түп негізі.
Бағдат Бейсенов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, филос.ғ.д.