31 мам, 2017 сағат 16:14

Дін істері министрлігі сақал, қысқа балақ және қара жамылғы туралы пікір білдірді

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі діни сипаттағы сыртқы атрибутикаға шектеулер мен тыйымдарды енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Мекеме өкілдерінің айтуынша, Қазақстан қоғамын өз халқының рухани дәстүрі мен ислам дінінің байыбына жетпей жатып, өз ата-аналарын дінсіз деп айыптайтын жастар алаңдатып отыр.

Олардың кейбірі шетелдік уағызшыларды тыңдап, халқымызға тән емес діни дәстүрлерге бой ұра бастады. Дәл осындай азаматтар сыртқы атрибутикаларға ерекше мән береді: жігіттер сақал жіберіп, балақтарын қысқартады, қыздар қара жамылғыға оранады.

"Қара жамылғыға тыйым салу орамал мен хиджабқа тыйым салуды көздемейді. Бұл тыйым салу мен шектеу адамның бет-жүзін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім түрлеріне (никаб, чадра, паранжа) қатысты. Мұнда бір ғана атрибутты емес, теріс ағымның бірнеше белгілерін айтуға болады. Біз бұл мәселені зерттеп жатырмыз, зерттеуден кейін ғана шешім қабылданады», - деді вице-министр Берік Арын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл шектеулер мен тыйымдар кез келген конфессияның діни қызметкерлеріне, шетел азаматтарына және медициналық себеппен немесе қызметтік қажеттілікпен бетперде киюге мәжбүр адамдарға қатысты емес.