Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, шараға жиналғандарды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді. Сонымен қатар ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті.
Бұл орайда Мемлекет басшысы Димаштың бірегей өнеріне тәнті болған түрлі елдің азаматтары Қазақстанның Әнұранын шырқап, көк туын желбіретіп жүргенін айтты.
"Өнер – тәрбие құралы. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында ұлт болашағына қауіп төндіретін бес кесел туралы айттым. Қоғамды осы кеселдерден тазартуға мәдениет қайраткерлері зор үлес қосып келеді. Лудомания мен нашақорлықтың зиянын ашып көрсететін тың туындылар шығып жатыр. Бұл – өте дұрыс бастама", – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, мәдениет саласының өкілдері халықтың рухани қалқаны болуға тиіс. Сондай-ақ Президент олардың жас ұрпақты жасампаздыққа, жаңашылдыққа үйретуге, бірлікті нығайтуға, өнімді еңбек етуге баулуға белсене атсалысатынына сенім білдірді.
"Сіздер мәдениет пен өнер жолына адал болып, қажырлы еңбек етіп келесіздер. Оған бүкіл ел куә. Өнер адамы үшін ең құнды марапат – халықтың ыстық ықыласы. Мен төл мәдениетімізді дамытуға мол үлес қосып жүрген бір топ азаматты марапаттау туралы шешім қабылдадым. Мәдениет саласында ерекше орны бар 7 іргелі ұжым биыл мерейлі белеске жетіп отыр. Сондықтан бүгін негізінен осы мекемелердің қызметкерлеріне жоғары мемлекеттік марапат тапсыруды жөн көрдім", –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.