Белгілі ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы Абай күні мерекесінің мәні туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елордадағы Абай ескерткішіне тағзым етуге жиналған зиялы топтың арасында белгілі ғалым, ұстаз Дихан Қамзабекұлы да болған еді. Шара алдында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Абай күнінің ресми мереке ретінде қалай тойлануы керектігі туралы ойын айтты.
«Абай – біз үшін рәміздік тұлға. Абайдың аты, заты, мұрасы ұлтпен бірге жасай береді. Сондықтан Үкімет, ар жағында елдің басшысы, зиялы қауым Абайға арнайы күн арнаған кезде рухани тұрғыда да, заттық тұрғыда да береке-бірлікке бастайтын күн болуын көздесе керек. «Рухани жаңғыру» деп жатамыз ғой, Абай арқылы соның мәнін білу де бұл күннің еншісіндегі шаруа. Рухани жаңғыру деген – жай ғана бір шаралар немесе есеп беру емес, өзімізде барды ұқсата білу. Өз мұрамызға байланысты өзіміздің ұстанымымыз болғанда ғана рухани жаңғырған болып есептелеміз. Бұл ұрпақ сабақтастығымен, біліммен келетін дүние. Біз әдетте науқаншылдыққа кетіп қаламыз. Ондай болмауы керек. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген ұғымының концепциясының өзі – «Толық адам» тұлғасына, қоғамды кемелдікке жұмылдыру», - деді филология ғылымының докторы.
Сондай-ақ, ол Абай ілімі арқылы жас буынды адал ұрпақ етіп тәрбиелеу қазіргі буын алдындағы міндет екенін атады.
«Қоғам қашан да жақсылыққа қарай жүреді. Біз қазір әлемде, өз ішімізде қандай қиындықтар болса да, өсетін, өнетін мүмкіндік іздеуіміз керек. Сонымен бірге ұлтты жұмылдыра отырып, қоғамның береке-бірлігіне қызмет ететін, қоғамның алдағы кезеңін анықтайтын жастарды кешегі адал ұрпақтың жалғасы етуге күш салуымыз керек. Оған жастар да сенімді, жастар да пейілді. Абай соның бәрінің арасында алтын көпір болып отыр. Абайдың мұрасы да, мұраты да, оның алтын арқауы да осында. Абай ұлтпен бірге жасайды. Бүгінгі күн – ұлтымыздың күні, рухани жетістіктеріміздің күні, рухани темірқазық күніміз. Ұлтымызды, халқымызды осы мерекемен құттықтаймыз. Абайдың талғамы, Абайдың сезімі, Абайдың жүрегі, Абайдың нақылы біздің ұлтты өсіріп отырады», - дейді Дихан Қамзабекұлы.