22 мау, 2017 сағат 11:28

Дескальци: Қазақстанның газ әлеуетін қолдану мүмкіншілігі жоғары

Қазақстанның болашақта газ әлеуетін қолдану мүмкіншілігі өте жоғары. Мұндай пікірді бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Шетелдік инвесторлар жөніндегі кеңестің 30-шы жалпы отырысында «Эни» компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанға қатысты айтар болса, республика қазірдің өзінде климаттың өзгеруі проблемаларын шешуде. Зиянды қалдықтарға тиімді бақылау енгізіп, олардың көлемін қысқартуды ынталандыруда және парникті газдарға арналған квоталарды сатуда. Мемлекет соңғы 10 жылдың ішінде көмірқышқыл газдың қарқынды шығарылуын шамамен 20 пайызға төмендету арқылы климаттың өзгеруімен күресте табысты ілгерілеп келеді. Бұған қоса электр энергетика саласындағы газдың үлесін арттыру есебінен көрсеткішті жақсарта түсуге де мүмкіншілігі зор. Бүгінде аталған саладағы көмірдің үлесі 64 процентті құрап отыр», - деді Дескальци.

Осы ретте ол болашақта Қазақстанның шамамен 2 триллион текше метрді құрайтын газ қоры әлеуетін қолдануға мүмкіншілігі бар екендігін атап өтті.   

«Экологиялық тұрғыдан алып қарағанда, газ электр стансалары барынша тиімді және көмір электр стансаларымен салыстырғанда көмір қышқыл газы шығарындыларының шамамен жартысын өндіреді. Мұнан бөлек, Қазақстанның жел және күн энергиясын өндіруде де әлеуеті бар. Біз мұндай жобаларды ауқымды түрде жүзеге асыру энергия тұтынудың қазірді құрылымына пайда әкеледі және электр энергиясын өндіру жүйесіндегі көміртек ізін біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», - деді «Эни» компаниясының бас атқарушы директоры.

Айта кетейік, Шетелдік инвесторлары кеңесі Қазақстан Президентінің төрағалығымен өтетін кеңесші-консультативті орган. Кеңес 1998 жылы елдегі инвестициялық қызмет пен инвестициялық ахуалды жақсартумен тікелей байланысты өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей үнқатысуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Елдің инвестициялық саясаты мен экономикалық дамуының басты аспектілері бойынша Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қарауына ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу Кеңестің басты міндеті саналады.