Ермұрат Бәпи. Фото: видеодан скриншот
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бәпи 4VLASTINFO youtube-арнасына берген сұхбатында қалай емделгенін айтып берді, деп хабарлайды ULT.KZ.
Депутат Еуропада 14 күн болып, 10 күнін емханада өткізген. Бірақ улану туралы диагнозы расталмаған.
"Мен емес, "жанашырларымның" аузынан шығып кеткен сөз. Дәрігерлер улануды дөп басып, анықтай алмады, уланудың элементтері ағзамнан табылған жоқ. Керісінше, "организмдегі препараттардың бір-бірімен қақтығысы" деген диагноз қойды. Дегенмен күдігім пайда болды, оған себеп дәрігерлердің пікірі болды. Себебі Астанада 40 жыл тәжірибесі бар дәрігер денеме шығатын ісіктерді көріп, мұндайды алғаш рет көріп тұрғанын айтты. Ал Германиядағы дәрігерім мүлдем тәжірибесінде болмағанын айтты. Дәрігерлердің осындай пікірін тыңдағаннан кейінгі күдік болды", - деді ол.
Сондай-ақ Бәпи өзін ұнатпайтындар бар ма деген сұраққа жауап берген.
"Біреуге ұнаймын, біреуге ұнамаймын. Біраз жасқа келдік қой. Түр-әлпетінен, іс-әрекетінен ұнатпай тұрған адамды бірден сеземін. Дегенмен ұнатпайтын адам осындай әрекет жасады деп айта алмаймын. Қолмен ұстап алмағаннан кейін "осылай болды" деп айтуға болмайды", - деді ол.