15 жел, 2022 сағат 17:12

Депутат букмекерлік кеңсе жарнамасының көбейіп бара жатқанын айтып, дабыл қақты

Сурет: inverta.ru

Сенатор Амангелді Толамисов еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында букмекерлік кеңселер жарнамасының көбейіп кеткені туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат бұл мәселе Парламентте бірнеше рет көтерілгеніне назар аударды. «Ойын бизнесі туралы» заңда электронды казинолар мен интернет-казино қызметтеріне тыйым салынған, ал «Жарнама туралы» заңда мұндай казинолар мен олардың қызметтеріне жарнама жасауға да рұқсат етілмеген.

Сенатордың айтуынша, қазір заңнамаға осындай жарнама үшін жауапкершілікті күшейтетін нормалар енгізу маңызды.

«Ойын автоматтары кез келген жерге қойылған, ставка қабылдау пунктері еркін жұмыс істейді. Жарнама серіктестері де көбіне букмекерлік компанияларды жарнамалап, күн көріп отырғандықтан, одан бас тартпасы анық. Бірақ белгілі бір деңгейде тоқтау салмаса, қоғамдағы жағдай ушығып барады», - деді Амангелді Толамисов.

Сенатор айтқан деректер бойынша қазір елімізде ойын бизнесі саласында жұмыс істеуге лицензиясы бар 50 ұйым бар. Оның ішінде 26 букмекерлік кеңсе, 6 казино, ойын автоматы қойылған 10 зал, бәс тігу пункттері (2500-ге жуық) және 8 тотализатор жұмыс істейді.