Фото: vk.com
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек "Болашақ" бағдарламасы мәселелерін көтерді. Ол бағдарламаның құқықтық мәртебесін бекітуді ұсынып, премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Депутатты «Бағдарламаны жабу керек!» деген сыңайда ұсыныстар алаңдатып отыр. Оның пікірінше, бір-екі адамның жағымсыз әрекетінен, мыңдаған адамның жолын ашқан бірегей мемлекеттік бағдарламаны жабу деген дұрыс емес.
"Осы күнге дейін Болашақ бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам маман даярланған. Олар рейтингі жоғары оқу орындарының ғылыми дәрежесін алды, әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми және өндірістік тағылымдамалардан өтті, өтіп те жатыр. Бағдарламаның арқасында қаржылай мүмкіншілігі шектеулі ауыл жастарына, мемлекеттік қызметшілерге, ғылыми және педагогикалық қызметкерлерге әлемнің ең мықты университеттерінде білім алуға зор мүмкіндік берілді. Осыдан отыз жыл бұрын бастау алған жоба «мемлекетті білікті кадрлармен қамту тұрғысынан аса қажет» - десем, қателеспеймін.
Бүгінде Болашақ түлектері Президент аппаратынан бастап, барлық маңызды мекемелер мен ұлттық компанияларда қызмет етіп жүр. Жалпы алғанда республиканың сапалы менеджментін құрап отыр", - дейді Болат Керімбек.
Ол осы бағдарлама бойынша оқып келген, тағылымдамадан өткен түлектер әр түрлі салада еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті. Олардың қатарында «Болашақ» бағдарламасының түлегі, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев бар. Қазірде ол мидың тамырларына жоғары технологиялық ота жасайтын санаулы дәрігердің бірі. Ол осы уақытқа дейін 6000-нан астам ота жасады.
"Сонымен қатар Медет Маханбет 70-тен астам бірегей уникалды операцияны жаңа әдіспен құлақ қалқанын қалпына келтірген. Бұл бір ғана медицина саласындағы оң тәжірибе. Басқа салаларда да мұндай жетіске жеткен біліктілігі жоғары мамандар жетерлік", - деп қосты депутат.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Болат Керімбек Үкіметтен келесі шараларды қолға алуды ұсынды:
1. Болашақ бағдарламасы көптеген Заң аясындағы актілермен реттелгендіктен, ол өз кезегінде құқықтық қиындықтар туындатуда. Сондықтан, Болашақ бағдарламасының құқықтық мәртебесін заң аясында Үкімет бекітуі тиіс.
2. Шетелде қорғалған диссертациялардың электронды банкін жасақтау қажет. Бұл ғылыми жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
3. Тиісті мемлекеттік орган стипендианттарға ел экономикасына қажетті тақырып бойынша ғылыми жұмысын жазуға тапсырыс беруі қажет.
4. Оқуға құжат тапсыруды, кепілдікке қойылатын мүліктерді тіркеуді, тіркеуден шығаруды цифрландыру қажет. Бұл өз кезегінде ашықтықты қамтамасыз етеді.
"Қорыта келе, болашақ ұрпақ пен білімді жастар үшін аса маңызды бағдарламаны жан-жақты жетілдіру мен оның маңыздылығын арттыру мақсатында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізу керек.
Білімге құштар жастардың мүмкіндігіне қол сұғу – ол болашаққа балта шабумен тең!", - деп түйіндеді депутат.