Фото ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Нартай Сәрсенғалиев «Кенжехан» базарындағы саудагерлердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Бүгінгі депутаттық сауалыма әділетсіздіктің шырмауына шырмалып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп. Олар - Алматының әйгілі «барахолка» базарында сауда жасайтын қандастар. Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таң атысы кеш батысы контейнерде отырып, сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі келіп тонап жатыр. Бізге жолдаған хатында «Кенжехан» базарының саудагерлері бар мәселесін тізіп жазған. Бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да, көпшілік қаналған қаржысын қайтара алмай келеді», - деді Н. Сәрсенғалиев Қаржы министрлігі мен Бас прокуратураға жолдаған сауалында.
Бұл ретте ол аталған базарлардағы мәселені көтерді.
«Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда 1000-ға жуық контейнер бар, әрі қарай есебін шығара беріңіздер. Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100 пайыз үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 миллион теңгеге сатылды делінеді. Жаңадан келген базар қожайындары саудагерлерге «контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойған. Сонда олар 1 орынға екі рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келісім» қағазы тапсырылған», - деді депутат.
Келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген, ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңгеден төлеген.
«Әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген тағы бір тәртіп шығыпты. Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе? «Төлемесе контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт. Саудагерлердің 3 талабы бар. Біріншіден, бір контейнерге 2 рет ақша төлеген жұрт бұрынғы немесе бүгінгі базар иесіндегі ақшаны қайтарып берсін дейді. Бір сауда орнына екі рет ақша төлеу ақылға сыймайды. Екіншіден, ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолданылсын дейді. Үшіншіден, «Кенжехан» базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген, соның нәтижелерін Қаржы министрлігі ұсынсын. Осы депутаттық сауалды дайындау барысында барахолкадағы «Рахат және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымдарын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базардағы заңдылықты тексеру керек деп есептеймін», - деді Нартай Сәрсенғалиев.