Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгелік депозиттер бойынша 2020 жылдың қыркүйегіне ұсынылған ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін бекітті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«24 айға арналған мерзімді депозиттерді қоспағанда, теңгелік депозиттердің барлық түрлері бойынша мөлшерлемелер тамыз айындағы деңгейінде қалды. Нәтижесінде қыркүйекте мерзімсіз салымдар бойынша максималды мөлшерлеме жылына 9 %-ды құрайды. Бұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне сәйкес келеді. Айта кетелік, базалық мөлшерлеме ақша құнының экономикадағы негізгі бағдары болып табылады»,– деп хабарлады Қордың баспасөз қызметі.
Толықтыру құқығы бар, 3 және 6 айлық мерзімді депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер –9 %, ал толықтыру құқығы жоқ түрі бойынша – 9,5 пайызды құрайды. Дәл осындай мерзімдерге шақталған жинақ депозиттердің толықтырылатын түрі бойынша мөлшерлемелер – 10,0%, толықтырылмайтын түрі бойынша – 10,5%.
Мерзімі 12 және 24 айға арналған жинақ депозиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелер өзгеріссіз қалды. Олар бойынша орташа есептелген нарықтық мөлшерлемелер бекітілген шектен жоғары деңгейде қалыптасты. Сондықтан ұсынылатын ең жоғары мөлшерлеме ретінде бұған дейін бекітілген шектің мәні қабылданады, ол – 14% (базалық мөлшерлеме плюс 5 п.т).
Қыркүйек айына бекітілген шекті мөлшерлемелер арасында жалғыз өзгеріс 24 айлық мерзімді салымдардың толықтырылатын және толықтырылмайтын түрлері бойынша байқалады.
Қордың хабарлауынша, 24 айды қамтитын мерзімді салымдар бойынша нарықтық мөлшерлемелердің төмендеуі ұзақ уақыттан бері байқалуда. Яғни, банктердің жинақ депозиттермен салыстырғанда мерзімді салымдардың бұл түрін тартымды етуге деген қызығушылығы төмен.