Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда жалпы өлім көрсеткіші 4,2%-ға төмендеді. Бұл туралы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жиынға республикалық және ғылыми орталықтардың басшылары, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен министрлік құрылымдарының өкілдері қатысты.
Мониторинг нәтижелеріне сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы оң көрсеткіштерге жеткізді. 1000 тұрғынға шаққандағы жалпы өлім көрсеткіші 6,46-дан 6,35-ке дейін төмендеген.
Негізгі жетістіктер:
-
Ана өлімі 10%-ға азайып, 100 000 тірі туғанға шаққанда 12-ден 10,8-ге дейін түскен.
-
Сәбилер өлімі 26,3%-ға қысқарып, 1000 тірі туғанға шаққанда 5,94 жағдайды құраған.
-
Неонаталдық өлім 23,8%-ға төмендеп, 4,2-ден 3,2-ге азайған.
-
Балалар өлімі жоспарланған 9,75 орнына 7,3 деңгейінде тұрақты оң динамика көрсеткен.
-
Реанимациялық көмектің тиімділігі 60%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,3%-ға артқан.
-
Жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім көрсеткіші 100 000 тұрғынға шаққанда 11,7 орнына 8,46 жағдайға дейін төмендеген.
Медициналық статистика сапасын жақсарту да маңызды рөл атқарды.
Министрлік өлім себептерін дұрыс кодтау бойынша медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы жанынан арнайы Кодтау бюросын құрды.
Бұл нәтижелер медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың нәтижесі екені атап өтілді.
