23 шіл, 2018 сағат 18:38

Денис Тенді өлтіргендерді жақтап сөйлеген мұғалім мектептен кетуге дайын

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірді деген күдіктілерді жақтап, әлеуметтік желіде пост жариялаған жас мұғалім мектептен өз еркімен кетуге дайын, деп хабарлайды "Уральская неделя"

Өткен жұма күні, 21 шілдеде 25 жастағы Шерхан Байзенов фейсбукте автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапқан Денис Теннің суретін жариялап, оның өліміне күдіктілерді жақтап, жазба қалдырған. Әрі қарай ол қытайларды "өлтіру керек" деп жазған. 

Байзеновтің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының назарынан тыс қалмады. Жұрт Белес ауылында істейтін мұғалімнің жазбасын "фашистік" деп атап, оны осы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту талабымен мемлекеттік органдарға жүгіне бастады. 

ІІМ желі қолданушыларының талабына лезде назар аударды. Сенбі күні Шерхан Байзенов жауап алу үшін БҚО ішкі істер департаментіне жеткізілді. ҚК 174-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, одан ешқайда шықпау туралы қолхат алынды. 

25 жастағы Шерхан Байзенов Белес ауылының мектебінде қазақ тілінде математикадан сабақ береді. Оның айтуынша, оқушылардың ата-аналары да оны айыптап, балаларын оның сабағына жібермейміз деген. Байзенов мектептен кетуге дайын, бұл туралы мектеп директоры Азамат Маемерге де айтыпты. 

Еске сала кетсек, 19 шілде күні Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен көлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы автотұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің үстінен түскен. Арада жанжал шығып, спортшы пышақ жарақатын алады. Үш литр қан жоғалтқан Тен кешкі бес жарым шамасында ауруханада көз жұмды.

sputniknews.kz